Асайын Байханов: IT бағытын әрдайым қолдаймыз

Асайын Байханов: IT бағытын әрдайым қолдаймыз
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінде IT-қауымдастығы құрылуда, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов  аталған оқу орнына барып, жасанды интеллект және оны білім беру үдерісіне интеграциялау саласындағы студенттік жобалармен танысты. Зертханаларда студенттер графикалық дизайн, 3D модельдеу, прототиптеу, робототехника және виртуалды шындық саласында жасаған жобаларын көрсетті.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Прототиптеу», «Графикалық дизайн», «Инженерлік графика» және «Бейнеөндіріс» бағыттары бойынша өтетін WorldSkills өңірлік чемпионатының барысымен танысты.

Студенттер алдында сөйлеген сөзінде Асайын Байханов заманауи IT-кадрларды даярлаудың маңыздылығын айтып, дуалды оқыту мен әлеуметтік әріптестермен ынтымақтастықтың тиімділігін атап өтті.

– Дәл осы жерде өңірдің IT-қауымдастығы құрылуда. Біз үшін жасанды интеллектпен жұмыс істей білетін мамандарды даярлауға назар аудару маңызды. Цифрлық трансформация нақты құзыреті бар көшбасшыларды талап етеді және біз бұл бағытты білім беру жүйесінде әрдайым қолдайтын боламыз,  – деп атап өтті облыс әкімі.

Сапар соңында облыс әкімі колледж амфитеатрында креативті жастармен кездесу өткізді. Одан кейін студенттермен – кәсіби шеберлік чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен бірге алма ағашының аллеясын отырғызуға қатысты.