Павлодарда есірткі жарнамасын қабырғаға жазғандар қылмыстық жауапқа тартылады
Полиция «оңай ақша» ұсынған адамдардың тапсырмасын орындау бірнеше жылға бас бостандығынан айыруға әкелетінін ескертті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының полиция басқармасы есірткінің заңсыз жарнамасын анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, үйлер мен басқа да нысандардың қабырғаларына есірткі сататын интернет-дүкендердің атауын, сілтемелерін немесе QR-кодтарын орналастыру жай ғана қоғамдық орынды бүлдіру болып саналмайды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сараланған белгілер болған жағдайда жаза мерзімі үш жылдан алты жылға дейін жетуі мүмкін.
Полиция мұндай жұмысқа жастардың тартылуына ерекше назар аударып отыр. Қаскүнемдер оларға қабырғаға жазу қалдыру немесе QR-код жапсыру үшін «оңай табыс» ұсынуы мүмкін.
– Ең алдымен жастарға айтарым: есірткі жарнамасына қатысты жазуларды орналастыру арқылы оңай ақша табуға шақыратын ұсыныстарға келіспеңіздер, – деді Павлодар қаласы ПБ Криминалдық полиция бөлімінің бастығы Батыржан Уахитұлы.
Полиция күмәнді ұсыныстардан бас тартып, есірткі жарнамасы немесе оны таратумен айналысатын адамдар туралы ақпарат белгілі болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.