Павлодарда әкімдіктің қызметкерлері бюджеттен ақша ұрлағаны үшін сотталды

Павлодарда әкімдіктің қызметкерлері бюджеттен ақша ұрлағаны үшін сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар қызмет бабын пайдаланып, алаяқтықпен айналысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

№2 қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасау фактісі бойынша қысқартылған тәртіпте қылмыстық іс қаралды.

Соттың анықтауынша, 2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңде Павлодар қаласы әкімдігінің және Павлодар ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері қызмет бабын пайдалана отырып, мүгедектердің жеке көмекшілерінің жұмысы үшін заңсыз ақы төлеу арқылы бюджеттен 89 миллионнан астам теңгені жымқырған, – делінген хабарламада.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттамалық және заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ сараптамалық қорытындылармен дәлелденді. 

Сот айыпталушылардың кінәсін толық мойындап, шың ниетпен өкінуін, іс бойынша келтірілген залалды ерікті түрде өтеуін, жас балаларының болуын, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді көмек көрсетуін, тұрғылықты жері бойынша жағымды сипатталуларын ескерді. 

Сот аталған жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, кінәлі тұлғаларға қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігі негізінде әртүрлі мерзімге 3 жыл 6 айдан бастап 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады. Сотталғандарға жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау, мәжбүрлі еңбекке тарту және міндеттер белгіленеді, – дейді баспасөз орталығында. 

Сондай-ақ сотталғандар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.