Павлодарда маскүнем әйел ата-ана құқығынан айырылды
Баланың анасы алкогольдік ішімдіктерді тұтынатыны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық «Павлодар қаласының білім бөлімі» ММ ата-ана құқықтарын шектеу туралы талап-арызы бойынша азаматтық істі қарады.
Сот баланың анасы алкогольдік ішімдіктерді ішетінін, баланы аш қалдырғанын, пәтерде баланың физикалық, моральдік және рухани дамуына жағдайлар болмағанын анықтады.
Бала қоғамдық тамақтану орындарына баруға мәжбүр болды және өз тамағына қайыр сұрағаны белгілі болды. Осы жағдайға байланысты 2014 жылы туған бала Павлодар облысы білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдаудың өңірлік орталығы» КММ орналастырылды.
Осы жағдайлардың барлығын және кінәлінің талапты мойындауын ескере отырып, сот әйел азаматтың ата-ана құқықтарын шектеді.
Сондай-ақ, баланың анасына барлық жағдайды жасап,қалпына келтіруге алты ай мерзімінде уақыт берілді. Содан кейін ол ата-ана құқықтарын шектеу салдарын жою туралы арызбен сотқа жүгіне алатыны туралы мәлім етілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.