Баянауылда қара көлік адам қағып кете жаздап, полицияға бағынбады (ВИДЕО)
Алайда 41 жастағы жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 маусымда сағат 01.30 шамасында полицияға демалушылардан «жүргізуші адамдарды қағып кете жаздады және белгісіз қара түсті маркалы көлікпен қашып кетті» деген хабарлама түскен.
– Шақыруды пысықтау кезінде Баянауыл – Жасыбай бақылау-өткізу пунктінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қара түсті автокөлікті байқады. Жүргізушісі көлікті тоқтату туралы талаптарды елемей, жасырынуға тырысқан, алайда 41 жастағы жүргізуші ұсталды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Жәнібек Шәкіров.
Медициналық куәландыруға сәйкес ер адам мас күйінде болған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы және 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. Жүргізушінің айтуынша, ол жеті жыл бойы алкоголь ішпеген, бірақ демалыста достары өтінген соң ішімдік ішіп, көлік басқарған.
Сондай-ақ 11 маусымда сағат 04.47-де Жасыбай демалыс аймағында жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан «Ауди» маркалы автокөлігі тәртіп сақшыларының назарына ілінген.
– Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрды. Медициналық куәландыру жүргізушінің орташа мөлшердегі мас күйінде екенін көрсетті. 23 жастағы жүргізуші Торайғыр ауылына ішімдік ішіп, достарымен бірге Жасыбай көліне қарай жол жүруге шешім қабылдаған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды, – деді Жәнібек Шәкіров.
Баянауыл ауданы сотының қаулысымен екі жүргізуші де 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, облыс орталығынан полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қорғау, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ЖҚЕ бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жазғы демалыс маусымы кезінде Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ аумағына іссапарға жіберілді.
Полицияның уақытша пунктінің құрамына барлық бөлімшелердің қызметкерлері кіреді. Демалыс аймағындағы таулы жер ерекшеліктеріне байланысты Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының атты әскер взводы да патрульдеуді жүзеге асырады.