Павлодарда мүмкіндіктері шектеулі балаларға тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі
Аталмыш жоба 4 жылдан кейін жүзеге асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мүмкіндіктері шектеулі балаларға стоматологиялық көмек ұсыну мақсатында аймақта облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының бекітуімен балаларға арналған стоматологиялық қызметті дамыту және қамтамасыз ету жөніндегі "Жол картасы" әзірленді. Осыған сәйкес ШЖҚ «Павлодар облыстық балалар ауруханасы» КМК негізінде 0-18 жас аралығындағы балаларға шұғыл стоматологиялық араласуды жүргізу үшін анестезиологиялық кабинет ашылды.
Жаңа тіс емдеу емханасы Н. Назарбаев көшесі, 200 мекенжайындағы ғимаратта орналасқан. Консультативтік-диагностикалық емханасының балаларға арналған тіс емдеу емханасы 2024 жылғы қаңтардан бастап, жұмысқа кірісті. Науқас аталмыш ауруханаға жоспарлы түрде келе алады.
– Жалпы ауырсынуды басу арқылы стоматологиялық көмек МӘМС шеңберінде жұмыс істейді. Бұл жобаға тоқсан миллион теңге бөлінді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Борашев.
Оның айтуынша, облыстық балалар ауруханасының қаражаты есебінен аталмыш ғимараттағы барлық үй-жайларға жөндеу жүргізілді. Балалар тіс емханасын ұйымдастыру үшін КДЕ жалпы сомасы 196 208 284 теңгеге ЖСТ шеңберінде медициналық жабдықты сатып алды.
– Ең алдымен бала толық қаралудан өтіп, анализ тапсырады. Нәтиже бойынша дәрігердің кеңесіне жүгінеді. Тексеріс қорытындысы арқылы науқасқа наркозға талдау жүргізіледі. Оның зияны мен қаупі туралы анықтама алады. Науқас өзіне қатысты барлық мағлұматтарды жинағаннан кейін ғана емделу процесіне өтеді, – дейді консультативтік-диагностикалық емхана директорының КДЕ жөніндегі орынбасары Өмірзақ Хайыргельдин.
Сондай-ақ, облыс бюджетінен жиһазды (үстелдер, орындықтар, шкафтар, кресло және басқасы) сатып алу үшін 5 060,0 мың теңге бөлінді.
Айта кетейік, қазіргі таңда тіс дәрігерінің қабылдауына жазылуға болады. Тіс дәрігерінің қабылдауы жолдама бойынша тегін іске асырылады.