Екібастұзда жүкті әйел үйінде босанып қалды

Екібастұзда жүкті әйел үйінде босанып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дүниеге кестетігер келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Өткен демалыс күндері жедел жәрдем қызметі үйде босанған әйел мен балаға және зардап шеккен жолаушылары бар үш жол-көлік оқиғасына көмекке барды.

Үйде босанудың кезекті жағдайы 14 ақпан күні Екібастұз қаласында тіркелді. Сағат 06:05-те 103 пультіне шұғыл қоңырау түсті. Шақыртудан кейін бес минут ішінде медицина қызметкерлері оқиға орнына жеткен. Сол сәтте салмағы шамамен 3 келі, бойы 50 сантиметр болатын қыз бала дүниеге келген. Белгілі болғандай, босануды әйелдің анасы қабылдаған. Жылулық тізбекті сақтай отырып, медициналық бригада ана мен жаңа туған сәбиді тұрақты жағдайда қалалық перзентханаға жеткізді.

– Медициналық мекемеден тыс жерде өтетін босану, көзге көрінетін асқынуларсыз өткеннің өзінде, ана мен бала үшін көптеген қауіп-қатерге толы, – дейді облыстық 103 станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Үй жағдайында асқыну туындаған кезде білікті медициналық көмек көрсету іс жүзінде мүмкін емес. Оның үстіне, үйде босану әрдайым стерильді жағдайда өтпейді. Сондықтан болашақ аналарды өз денсаулығы мен сәбиінің өмірін қатерге тікпей, босану үдерісін мамандандырылған стационарларда кәсіби мамандарға сеніп тапсыруға шақырамыз.

Жедел жәрдемнің көмегіне жүгінген  үш жол-көлік оқиғасы 15 ақпанда орын алды. Сағат 12:40-та медицина қызметкерлеріне Спутник станциясы маңында екі автокөліктің соқтығысуы туралы хабарлама түсті. Зардап шеккендердің қатарында 35 жастағы ер адам, 36 және 60 жастағы екі әйел болған. Олар Ақсу қалалық ауруханасына жеткізуден бас тартып, Екібастұз қаласындағы тұрғылықты жері бойынша дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндерін айтқан.

Екінші жол-көлік оқиғасы Ақтоғай ауданына қарасты Есентерек ауылы маңында болды.  Онда автокөлік жол жиегіндегі кюветке түсіп кеткен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы және Мүткенов ауылының медицина қызметкерлері жіберілді. 1954 жылы туған әйел, 2004 жылы туған қыз және 2002 жылы туған жас жігіт түрлі жарақаттармен Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді.

Тағы бір жол апаты Жолқұдық ауылынан бес шақырым жерде болды. Сағат 20:07-де тас жолда автокөліктің аударылғаны туралы шақырту түсті. Төрт адам зардап шеккен. Онда 1958 және 1987 жылы туған ер адамдар, сондай-ақ 1961 жылы туған әйел Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Ал 68 жастағы әйел медициналық тексеруден бас тартты.

Жедел жәрдем қызметі жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.