«Дәстүр-trend»: Павлодарда ұмытылған салт-дәстүрлер фестивалі өтеді
Аталмыш іс-шара алғаш рет ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Фестиваль С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Наурыз мерекесінің онкүндігіне орай ұйымдастырылады. Мақсаты – ұлттық салт-дәстүр мен қазақ мәдениетіне қызығушылықты ояту, қазақ халқының бай рухани қазынасын заманауи өркениетпен ұштастыру.
– Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырылып отырған «Дәстүр - trend» фестивалінің орны орасан зор. Бұл дегеніміз – ерте заманғы тамырымызға қайта оралу. Қатысушылар көпшілікке ұмытылған қазақ халқының салт-дәстүрлерін, қазақ мәдениетін қайта жаңғырту ретінде көрініс арқылы жеткізеді, – дейді С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапхананың кітапхана дамыту бөлімінің басшысы Айнагүл Жылқыбекова.
Оның айтуынша, мұндай шаралар, әсіресе өскелең ұрпақ үшін, ұлттық бай мәдениетіміз бен қазақ тілін үйренуге шабыт сыйлайды. Баға жетпес құндылығы бар еліміздің бақытты екеніне «Дәстүр - trend» фестивалі дәлел бола алады.
Фестиваль барысында «Қамшы ілу» (Ұнаған қызы бар үйге белгі тастап, жауап күту, аяғы тоймен аяқталатын дәстүр), «Кимешек кигізу» (Жас келін босанған соң, ана атанғаны үшін ауыл апа-әжелерінің жасайтын рәсімі), «Бесік акелу» (Келін босанған соң қыздың ата-анасы құда-құдағиына «Құтты болсын!» айтып, қызының жағдайын білуге келетін рәсім), «Немеурін» (Ата-анасынан жеке шыққан жас отбасына еншісін беру, туыстары тұрмысқа қажет ыдыс-аяқ, төсеніш, мал атайтын рәсім), «Бастанғы» (Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, бастаңғы жасайтын дәстүр), «Сәлемдеме» (Күйеуге шыққан қыз туыстарына жаңалық ретінде кішкене нәрсені жеткізетін рәсім) дәстүрлер көрсетіледі.
Фестиваль сағат 11:00-де басталып, 16:00-ге дейін жалғасады.
Айта кетейік, алдағы уақытта кітапхана ұжымы мереке қарсаңында ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын басқа да іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.