Павлодарда отбасылық жанжал шығарған ер адам жауапқа тартылды
Полиция қызметкерлері қару иесі болып табылатын тәртіп бұзушыны оқшаулап, оның арсеналын тәркіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, отбасы-тұрмыстық жанжалдар қазіргі қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі болып қала береді. Олар күнделікті өмірде жұбайлар, туыстар немесе бірге тұратын адамдар арасында туындайды және кейде ауыр құқықбұзушылықтарға ұласуы мүмкін. Көп жағдайда мұндай жанжалдар тұрмыстық қиындықтар мен түсініспеушіліктің салдарынан туындайды.
Павлодар полициясына күн сайын азаматтардан жұбайларының мас күйде жанжал шығарып, балаларының көшеден ішіп келіп қорлайтыны, тіпті азаматтық жолдастарының дөрекі сөздер айтып, әкелерінің аналарына тиісетіні туралы айтып, көмек сұраған көптеген қоңыраулар түседі.
Мәселен, жуырда түнгі сағат 1:30 шамасында полицияға қызғаныш салдарынан жұбайының жанжал шығарғаны туралы хабар келіп түскен.
– Полиция қызметкерлері келгенде, жанжал шығарушының азаматтық қару иесі екені анықталды. Тәртіп сақшылары отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылық үшін әкімшілік хаттама толтырып, жиналған материал сотта қаралды. Сот шешімімен жанжал шығарған адамға 10 тәулікке әкімшілік қамау шарасы қолданылып, қорғаныс ұйғарымы шығарылды. Сонымен қатар берілген қорғаныс ұйғарымы негізінде тәртіп бұзушыдан бес бірлік қару алынды, – деді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Полиция мұндай жағдайларда ауыр қылмыстарға ниет пайда болу мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Сондықтан азаматтарға жанжал себептерін жоюға, эмоцияны бақылауға және тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға жол бермеу үшін алкогольдік сусындарды шамадан тыс пайдаланбауға кеңес береді.