Павлодар облысында коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі күтілуде ме?

Павлодар облысында коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі күтілуде ме?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосы

Осы жылдың бірінші сәуіріне дейін ел бойынша мораторий күшінде болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті басшысының орынбасары Камилла Байғожанова атап өткендей, қабылданған шешім халық пен бизнеске түсетін жүктемені тежеуге мүмкіндік берді. Оның айтуынша, бұл шаралар азаматтар мен кәсіпкерлердің табысын қорғауға бағытталған.

– Павлодар облысында өткен жылдың бірінші тамызынан бастап электр энергиясына орташа босату тарифі киловатт-сағатқа 32,58 теңге көлемінде белгіленген. Биылғы жылдың бірінші қаңтарына ол бекітілген деңгейде сақталды. Сәуірден бастап электр энергиясының бағасы көтерілмейді, себебі тарифті қайта қарау туралы өтінімдер түскен жоқ. Ал жылу энергиясы бойынша орташа босату тарифі 2025 жылдың 30 маусымынан бастап бір гигакалорияға 5962 теңге көлемінде бекітіліп, 2026 жылдың бірінші қаңтарына дейін сол деңгейде қалды. Сонымен қатар, 17 наурызда кәсіпорынның тарифтік сметасына өзгерістер енгізілді, – деді Камилла Байғожанова.

Осы жылдың бірінші сәуірінен бастап орташа босату тарифінің өсімі 16 пайызды құрады. Дегенмен, халық пен өзге тұтынушылар үшін тариф бұрынғы деңгейде бекітілген, яғни қымбаттау жоспарланбайды. Қосымша жүктеме бюджет ұйымдарына түсті.

– Су жеткізу қызметі бойынша өткен жылдың сәуірінен бастап тариф бір текше метрге 213,54 теңге көлемінде белгіленген. 2026 жылдың қаңтарына қарай бекітілген төмендеу су жеткізу қызметінде 44 пайызды, ал су бұруда 3 пайызды құрады. Алайда қазіргі таңда «Павлодар-Водоканал» ЖШС-мен сот талқылаулары жалғасуда: кәсіпорын уәкілетті органның шешімімен келіспей, оны сот тәртібімен даулауда. Сонымен бірге компания өз бетінше тариф белгілеп, су жеткізу қызметінде 10 пайызға, ал су бұруда үш пайызға төмендетуді бекітті, – деп мәлімдеді Камилла Байғожанова.

Департамент аталған субъектінің бұйрығын даулау мақсатында сотқа талап арыз берді.

Екібастұзда электр энергиясы қызметіне тарифтер 2025 жылдың 5 тамызында бекітіліп, биылғы қаңтардан бастап өзгеріссіз қалды. Сәуірден бастап да бағаның өсуі күтілмейді, себебі тарифті қайта қарау жөнінде өтінімдер түскен жоқ.