Павлодарлық педагог-психологтар когнитивтік икемділік дағдыларын меңгерді
Оқыту Астанада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазіргі заманғы мектеп өз эмоцияларын басқара алатын, өзін тыңдай білетін және өзгелерді сезіне алатын педагогке мұқтаж. Осы қажеттілікке жауап ретінде Өңірлік психологиялық қолдау орталығында педагогтердің кәсіби дамуы мен тұлғалық өсуіне бағытталған EQ-MEKTEP жобасы жүзеге асырылуда.
Жоба жалпы білім беретін пән мұғалімдері мен білім беру ұйымдарының педагог-психологтарына арналған.
Бағдарлама эмоциялық интеллектіні дамытуға бағытталған негізгі құзыреттерді қамтиды: саналы болу, мотивация, өзін-өзі бағалау, бейімделгіштік, сондай-ақ коммуникация, коллаборация, креативті және сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру. Сонымен қатар педагогтердің эмоционалдық күйзеліске ұшырауының алдын алу және тайм-менеджмент мәселелеріне де ерекше назар аударылады.
– Жобаның нәтижелі жүзеге асырылып жатқаны қуантады. EQ-MEKTEP жобасының тренері Анастасия Бережная және жоба қатысушылары Анар Файзулла мен Светлана Сабирова Астана қаласында өткен Smart Ustaz жобасы аясындағы Training of Trainers (Тренерлерге арналған тренингке) қатысып, кәсіби тәжірибелерін арттырды, – деді облыстық білім беру басқармасында.
Үш күндік оқыту барысында қатысушылар еліміздің жетекші тренерлері мен коучтарымен бірге «Тиімді ойлау және когнитивтік икемділік дағдылары» курсының төрт модулін меңгерді. Аталған тренингтің басты мақсаты – ToT бағдарламасын игерген қатысушылардың өз өңірінде әріптестерін оқытуына мүмкіндік беру. Осылайша заманауи құзыреттерді кеңінен таратуға жол ашылуда.