Павлодарда полицейлердің ерлік шежіресі көрсетілді

Павлодарда полицейлердің ерлік шежіресі көрсетілді
Фото: автор

Әр сурет полиция қызметінің нақты көрінісі мен батылдығын бейнелейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Достық үйінде» облыстық полиция департаменті ұйымдастырған «Бейбіт күннің батырлары» атты фотокөрме өтті. Бұл шара «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында өткізіліп, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталды.

– Егер әр азамат заңды сақтаса, онда елімізде де тәртіп пен тыныштық орнайды. Сондықтан біз бұл көрме арқылы заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруды, сонымен қатар полиция қызметінің беймәлім қырларын көрсетуімізді мақсат еттік, – деді полиция облысы департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Жанар Белялова. 

Көрмеге 30-дан астам фотожұмыс қойылды. Әр сурет полиция қызметінің нақты көрінісі, әр кадрдың артында адам тағдыры мен борышқа адалдық тұр.

Фотокөрменің ең қызықты және тартысты суреттерінің бірі, Павлодар қаласында ҚР ІІМ-нің жауынгерлік атыс бойынша чемпионаты өткізілген жарыста, оқ ату шеберліктерін көрсетіп жатқан сәті. 

Экспозициялардың ең басты бөлігі 2017 жылы ақпаның ерлік оқиғасына арналған. Бұл бөлімде Баянауыл ауданының полиция қызметкерлері Мұрат Нұрсейітов пен Баянбек Жұнұсовтың батыл әрекеті баяндалды.

Оқиғаны еске алсақ, сол күні таңертең полицейлер Баянауыл ауылынан Павлодар қаласына бет алған, ішінде 17 бала мен бір жетекші отырған автобусты сүйемелдеп келе жатқан. Қарсы бағыттан КамАЗ жүк көлігі шығып, тура автобустың жолына түскен. Сол сәтте полиция қызметкерлері дереу әрекет жасап, өздерінің отырған машинасын жүк көлікке қарама-қарсы қояды. 

– Ондай сәтте ойлануға уақыт болмайды. Бір-ақ нәрсе ойладым балалар аман қалсын. Біз жүк көлігінің бағытын жауып, өзіміздің көлігімізді тосқауыл еттік. Соның нәтижесінде балалар аман қалды, – дейді Мұрат Нұрсейітов.

Қатты соқтығысу салдарынан ол ауыр жарақат алып, алты қабырғасы сынған, қолы мен аяғы жараланған, тіпті біраз уақыт комада жатқан. Ол 29 күн бойы Астанадағы реанимация бөлімінде ем алып, 1,5 жыл бойы оңалту курсынан өтті.

– Дәрігерлер менің өмірім үшін күресті, сол күн есімнен кетпейді. Кейде сол үшін қызметімді жалғастыра алмай қалғаныма қиналамын. Бірақ бастысы балалар тірі қалды. Егер сол жағдай тағы қайталанса, мен тағы да сол шешімді қабылдар едім, – дейді батыл полицей.

Ерлігі үшін Мұрат Нұрсейітов «Айбын» орденінің III дәрежесімен марапатталған. Бүгінде ол Баянауыл аудандық полиция бөлімінде жеңілдетілген қызмет атқарып жүр. Оның әріптесі Баянбек Жұнусов те сол оқиғадан кейін жол полициясы қатарында қызметін жалғастыруда.

Көрмедегі ерекше туындылардың бірі фотограф Камиль Аллаяровтың жұмысы. Ол ерекше жаратылысты адам: ол естімейді және сөйлей алмайды. Алайда ол өз ойын, сезімін фотосурет арқылы жеткізеді.

– Оның жұмысы осы жылы ҚР Ішкі істер министрлігі өткізген сурет байқауында, Республикадан 500-ден астам қатысушының арасынан суырылып шығып, ақшалай сыйлыққа ие болд. Кадрда ювеналды полиция қызметкері мен бала арасындағы жылы қарым-қатынас бейнеленген. Балам көптеген сурет түсірді, бірақ министрлік байқауына дәл осы сурет таңдалды. Себебі онда эмоция бар. Ұлым сол сәтті жүрегімен сезініп, объектив арқылы жеткізе алды, – деді Камиль Аллаяровтың анасы. 

Көрмеге келген қонақтар арасында көптеген шығармашылық адамдары мен қоғам белсенділері болды. Солардың бірі кәсіби фотограф, оператор, өнер сүйер азамат Александр Бичинев.

– Мен арнайы ерте келдім, көрмені асықпай тамашалау үшін. Шынымды айтсам, қуанып қалдым. Мұндай көрмені ұйымдастыру үлкен еңбек. Полиция қызметкерлерінің еңбегі қауіпті де күрделі, олардың уақыты тапшы, ал бұл көрме олардың біз көбіне білмейтін, камера артында қалатын еңбегін көрсетті. Мұнда тек қылмыс пен ұстау көріністері емес, балалармен жұмыс, жаттығулар, рейдтер, күнделікті өмір бәрі бар. Кәсіби тұрғыда да, көркемдік жағынан да өте сапалы. Мұнда қызметкерлердің тек тәртіп сақшысы ғана емес, шығармашылыққа бейім тұлға екенін байқайсың. – деді фотограф. 

Көрмедегі фотожұмыстар бірнеше дәуірді қамтиды. 1950–1960 жылдардағы мұрағат суреттерден бастап, қазіргі заманғы қызмет көріністеріне дейін. Мұнда полиция ардагерлерінің еңбегі, жас мамандардың қызмет жолы, криминалистік зертханалар мен оқу-жаттығулар бейнеленген.

Оның ішінде көзге түскен суреттердің бірі, жедел әрекет ету арнайы жасағы арнайы бөлімшесінің қызметкері жұмыс үстінде 40 күндік сәбиді қолына алып, баланың дәл өзіндей батыл әрі денінің сау болғанын тілеген бейнесі болды. 

– Бұл фото шежіре. Әр кадр біздің тарихымыздың бір беті. Мұнда ардагерлердің тәжірибесі мен рухы, қазіргі буынның жауапкершілігі мен батылдығы бейнеленген. Сол арқылы дәстүр сабақтастығы көрініс табады. Біздің басты мақсатымыз полиция қызметкерінің адамдық келбетін көрсету. Полицей жай ғана формадағы адам емес, ол әке, ана, дос, азамат, ең бастысы, өз өмірін ел игілігіне арнайтын тұлға, – дейді көрме ұйымдастырушылары.

«Бейбіт күннің батырлары» фотокөрмесі тек көркем өнер емес, шынайы өмірдің айнасы. Мұнда заңды қорғай жүріп, адамдық қасиетті биік қоятын тұлғалар көрсетілді.

Көрмеден шыққан әрбір адам бейбіт күннің өзінде батырлықтың бар екенін, ал нағыз ерлік өз борышына адал болу екенін сезінді.