Ақсуда «Отбасылық құндылықтар» бейнебайқауы жарияланды

Жеңімпаздар дипломдармен және құнды сыйлықтармен марапатталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының мәліметінше, байқау жүрекке жақын әрі отбасылық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған. Қатысушылар отбасылық мерекелер, салт-жоралғылар, сүйікті тағамдар, ойындар немесе кәсіптерді бейнеролик арқылы көрсетуі қажет.
– Байқау шарттарына сәйкес, бейненің ұзақтығы бір минуттан аспауы тиіс. Жұмыстардың сапасы мен мазмұнына ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бейнероликке қысқа сипаттама жазылып, Instagram парақшасына #отбасылықбайқау хэштегімен жариялануы керек, – деді ұйымдастырушылар.
Өтінімдер 8–11 қыркүйек аралығында қабылданады. Қорытындысы 12 қыркүйекте шығарылады.
– Бағалау критерийлері ретінде тақырыпқа сәйкестік, шығармашылық тәсіл, түсіру сапасы және эмоциялық мазмұн қарастырылған. Жеңімпаздар дипломдармен және құнды сыйлықтармен марапатталады. Үздік бейнероликтер ұйымдастырушылардың парақшасында жарияланатын болады, – делінген хабарламада.
Қосымша ақпарат пен сұрақтар бойынша мына нөмірлерге хабарласуға болады: 8 (708) 300-68-32, 8 (747) 70-222-99.