Павлодарлықтар TazaQazBot арқылы көбінесе қандай сұрақтар қояды?

Абаттандыру бойынша бірыңғай өтінім беру платформасы «Таза Қазақстан» жалпы республикалық экологиялық акциясының арқасында пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, чат-ботқа 154 өтініш түскен. Оның 70 пайызы – облыс орталығының тұрғындарынан. Өтінімдерді Екібастұз және Ақсу тұрғындары жиі жібереді. Баянауылдықтардан сегіз өтініш түскен.
– Қарды алып тастау, ірі көлемді қоқыстарды шығару, жер жұмыстарынан кейін абаттандыруды қалпына келтіру туралы өтініштер жиі кездеседі. Сынған орындықты, қоқыс жәшігі немесе қоршауды жөндеу, шұңқырды толтыру сияқты өтініштерді назардан тыс қалдырмаймыз. Келіп түскен барлық өтініштер орындалды, – деді басқармада.
TazaQazBot-қа өтінімдерді екі оператор пысықтайды. Олар өтініштерді қалалар мен аудандарға жібереді. Кейін әкімдік мамандары өтініштерді он бағыт бойынша, атап айтқанда, көгалдандыру, жолдарды жөндеу, қар шығару, жер жұмыстарынан кейін қалпына келтіру, жинау бойынша бөледі.
Естеріңізге сала кетейік, экология министрлігі өткен жылдың шілде айында TazaQazBot әзірледі. Елдің кез-келген тұрғыны фотосуретті жіберіп, орналасқан жерін көрсетіп және мәселені егжей-тегжейлі сипаттай алады.