Павлодарда Республика күніне орай Ту көкке көтерілді
Іс-шара жаңартылған Мемлекеттік рәміздер алаңында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алаңға қоғам өкілдері, дін қызметкерлері, ардагерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еңбекші жастар, студенттер мен оқушылар жиналды.


Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов салтанатты рәсімнің ресми басталғанын жариялап, Мемлекеттік Әнұран орындалған сәтте Туды көтеру туралы бұйрық берді. Әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ведомство, қала және облыс басшыларының алдында салтанатты сап түзеп өтті.
– Бүгін біз ұлттық мереке – Республика күнін атап өтудеміз. Шараға қатысып, еліміздің рәміздеріне құрмет көрсеткеніме қуаныштымын. Мен Қазақстан халқының бір бөлшегі екеніме мақтанамын. Баршаңызға бақыт, бейбітшілік пен өркендеу тілеймін. Біз әрдайым жарқын да тыныш аспан астында, достықта өмір сүретін көпұлтты ел болайық, – деді павлодарлық оқушы Полина Щербакова.
Ресми бөлімнен кейін қала тұрғындары мерекелік шараның жалғасы өткен Естай атындағы мәдениет сарайына бет алды. Мұнда концерттік бағдарлама мен тақырыптық жәрмеңке ұйымдастырылды. Дәстүрлі қолөнершілер киіз үй үлгісінде безендірілген шағын дүңгіршектерге орналастырылып, қонақтарға халық шығармашылығының туындыларын таныстырды.

Балалар мен жасөспірімдер үшін ұлттық ойындардан бастап заманауи лазертагқа дейінгі ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылды.


Бас сахнада «МузАрт», KeshYou музыкалық топтары, Alem және Amre сынды танымал әртістер өнер көрсетті. Облыстық филармонияның би ұжымы көрермендерге ерекше көрініс сыйлап, шараның сәнін келтірді.