«Жеңіс діңгегі»: Павлодарлық оқушылар мектеп алаңында гүл отырғызды

Жеңіс рухын гүлмен дәріптеген павлодарлық оқушылар мектеп ауласын барқытгүлмен көмкерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 9-сыныптың 25 оқушысы «Жеңіс діңгегі» атты челленджге қатысты.
– Бұл челлендждің мақсаты – Ұлы Жеңісті ұлықтап, оқушылардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру. Гүлдерді оқушылардың ата-аналары демеушілікпен алып келді. Олар барқытгүлдер, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жазира Омарханова.
Челлендж аясында оқушылар мектеп ауласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 80 түп гүл отырғызды.
Жеңіс үшін шайқасты ата-баба,
Бейбіт күнге жеттік біз сан арманға.
Сол рухпен біз бүгін бірлік үшін,
Салдық тағы сексен гүл алаңдарға, —
деп өлең жолдарын оқыды оқушылардың бірі.
Абай атындағы гимназия «Жеңіс діңгегі» челленджін Қаныш Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиядан қабылдап алып, эстафетаны №8 гимназияға жолдады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram