Аққулы ауданында әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Аққулы ауданында әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Жамбыл ауылындағы мәдениет үйі мен мектепте ауқымды жұмыстар жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобалар «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жұмыс барысын облыс әкімі Асайын Байханов тексерді.

Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуді «Иман» ЖШС өз мойнына алған. Бұл әлеуметтік нысандағы жұмыстар 15 мамырда басталған, 30 тамызда аяқталуы тиіс. ЖШС өкілі Нұрбек Сәдібековтің айтуынша, ғимаратта энергия, су, жылу жүйелері және барлық терезелер ауыстырылады. Қасбет металл сайдингпен безендіріледі.

– Ішкі жұмыстар жүргізілуде, төбені қоса алғанда жұмыстың 30 пайызға жуығы орындалды, – деді Нұрбек Сәдібеков. – Алда сырттағы жұмыстар, аумақты көгалдандыру бар. 

Нысандағы жұмысқа 20-дан астам тартылған.

Ал, Жамбыл ауылындағы мектепке келсек, мұнда шымкенттік «ГрадСтройСервис» ЖШС жұмыс істейді. 

2017 жылы ғимараттың барлық терезелері ауыстырылған. Жөндеу жұмыстары екінші қабатта жүргізілуде. Еден мен есіктер шығарылып, электр сымдарын орнату және кабинеттердің қабырғалары мен төбелерін өңдеу басталды. Күрделі жөндеудің аяқталу мерзімі – 2023 жылдың 10 тамызы.

Айта кетейік, 1968 жылы салынған ауылдың орта мектебінде 136 бала оқиды, оқу мемлекеттік және орыс тілінде жүргізіледі.

Еске салайық, аймақ басшысы Аққулы ауданына жұмыс сапарымен барды. Бүгін биологиялық препараттың бірінші партиясы Ертіске құйылды. Масаға қарсы препарат Черное, Бесқарағай, Новоямышево ауылдары мен Ақсу қаласы маңында құйылды. 

Фото: Константин Шелков