Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданына барды
Іс-сапар Қараоба ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінен бастау алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы алдымен аудандағы құрылысы ұзаққа созылған ғимараттың бірі – Қараоба ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінен бастады.
– Жобалау мен құрылыста кеткен қателіктер көзге анық көрініп тұр. Мәселен, ғимарат сапасыз оқшауланған, сондықтан, қыста суық болады немесе жылытуда артық шығындарды қажет етеді. Қателерді түзететін боламыз, – дейді Асайын Байханов.
Облыс әкімі болашақта мұндай қателіктерге жол бермеу үшін осыған ұқсас нысандарды салу бойынша өтінімдерді қайта қарауды тапсырды.
Одан кейін жұмыс сапарын астықтың 70 пайызы жиналған «Ақтоғай-АГРО» ЖШС егіс алқабына барып жалғастырды. Әкімнің сөзінше, ең бастысы – шаруашылық иесі Александр Терентьевтің қарапайым жұмысшыларға лайықты жалақы төлеуі. Осы сияқты маңызды мәселе талқыланды.
Сондай-ақ, Жоламан ауылында су құбырының құрылысымен танысты. Жұмыстар аяқталуға жақын, жер жұмыстары жүргізілген көшелерді тегістеу тапсырылды.
Айта кетейік, Асайын Байханов ауданның тағы да бірқатар шаруа қожалықтарына барды.
Қазіргі таңда, «Надежда» ШҚ 13 мың га алқаптан астық жинауда. Ал «Agro Terra» ЖШС қарқынды түрде өнімді картоп қоймаларына жинауда, жұмысқа 200-ден астам адам тартылған. Қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселелері талқыланды.