Павлодарда баспанасыз қалғандарға жәрдем көрсетілді

Оларға уақытша тұру орны, алғашқы медициналық көмек пен әлеуметтік қызметтер ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қайта әлеуметтендіру орталығының мобильді әлеуметтік патруль тобы кезекті рейдін Қамзин, Бакинская көшелері, Гагарин паркі мен «Гринвич» супермакетінде өткізді.
Шараның басты мақсаты – үйсіздер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету. Патруль тобы мұқтаж жандарды анықтап, оларға уақытша баспана, медициналық және психологиялық көмек ұсынуға, әрі қарай қоғамға қайта бейімделуіне жәрдемдесуге бағытталған.
Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, рейд барысында қиын жағдайға тап болған бес адам анықталды, олардың ішінде үш адам қайта әлеуметтендіру орталығында тұруға ниет білдірді. Онда оларға уақытша тұру орны, алғашқы медициналық көмек пен әлеуметтік қызметтер ұсынылды.
– Сонымен қатар, мобильді топ осы азаматтарға жеке құжаттарын қалпына келтіру, туыстарымен байланыс орнату және басқа да әлеуметтік қолдау түрлері жайлы кеңес берді, – деп атап өтті бөлімінде.
Мұндай іс-шаралар үйсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ қиын жағдайдағы азаматтардың қоғамға қайта оралуына мүмкіндік береді.