Павлодарлық бас имам: Дін – дәстүрге, дәстүр – дінге қарсы емес

Павлодарлық бас имам: Дін – дәстүрге, дәстүр – дінге қарсы емес
Фото: автор

«Дін мен дәстүр – егіз ұғым» конференциясында дінге байланысты тақырыптар талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Нұр – Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен  өткен жиынға мектеп оқушылары мен ұстаздар, колледж студенттері,  имамдар және қоғамдық бірлестіктердің  мүшелері қатысты.

– Қазақ даласы ислам дінін бекем ұстанған. Біз әрине, өзіміздің салтымызға, дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға қарсы шыққан жоқпыз. Керісінше, оны қолдан келгенше ұстандық, дұрыс бағытта болдық. Сондықтан біздің жастардың арасында адасушылық, шатасып кету деген сияқты мәселелер болған жоқ. Ал, қазіргі уақытта байқауымыз бойынша басқа ағымдардың ықпалы жастарға тиіп жатыр. Біздің міндетіміз осындай жат ағымдардан жастарды сақтандыру. Өзіміздің дін мен  дәстүрді бірге алып жүруге ықпал ету керекпіз. Бұл ретте,  дінмен күресу емес, дәстүрді жоққа шығару емес, керісінше осы екі ұғымның сабақтастығын көрсетсек екен деймін, – деді Мәшһүр Жүсіп атындағы  орталық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» деп жариялады. Яғни, биылғы жыл дәстүрлі исламды үгіттеу, насихаттау, жеткізу бойынша жұмыстар атқарылуда.

– Дәстүрлі ислам деген кезде ең бірінші терроризмға, экстремизмға, радикализмға қарсы ұғым екені ойға келеді. Бұл ретте өзіміздің санамызды көтеру керек. Мұсылман болып, ислам дінін ұстансақ, өзіңнің ұлтыңа, салт-дәстүріңе қарсы шықпау керек. Дін дәстүрге қарсы емес, таза болған дәстүрдің дінге қарсылығы жоқ, – деді бас имам. 

Семинар барысында дін мен дәстүр жөнінде  жастар арасында  түсініктеме және насихаттау жұмысын жүйелі және ұдайы түрде жүргізу, осы  бағыттағы жұмысты отбасы және қоғам болып бірігіп атқару,  ұмыт болған  имани құндылықтарды қайта жандандыру, асыл дүниелерімізді  жарыққа шығару, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру сияқты ұсыныстар айтылды.