Павлодарда трамвай паркі заманауи трамвайлармен толықты

Павлодарда трамвай паркі заманауи трамвайлармен толықты
Фото: Амира Жартекей

Шаһарда қалалық трамвай паркін жаңарту аясында заманауи трамвайларды жеткізу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы «Махмудов атындағы Павлодар трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Муслим Махмудов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қала бюджеті есебінен T811 моделіндегі 10 жаңа энергия үнемдейтін трамвай сатып алынған. Вагондар автономды жүріс жүйесімен жабдықталған.

– Трамвайлардың сыйымдылығы 100-160 адамды құрайды: 36 орындық және 120-ға дейін тұратын орын қарастырылған. Аккумулятор жүйесі көліктің 60 км/сағ жылдамдықпен 20 шақырымға дейін автономды түрде қозғалуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар вагондар бейнебақылау камераларымен жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға толық бейімделген, – деді ол. 

Бүгінгі таңда төрт трамвай жеткізілген, қалған алтауы сәуір айының соңы мен мамыр айының басында күтілуде. Осылайша, барлық 10 трамвай толықтай кәсіпорынға берілетін болады.

Өңір басшысы Асайын Байханов бұл жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Бұл 10 вагон – тек алғашқы кезең. Жалпы мақсат – трамвай паркін толық жаңарту, жыл сайын кемінде 15-20 вагонды ауыстыру. Бұл арзан жоба емес, бірақ өте технологиялық көлік түрі. Біз үшін ең маңыздысы – сапаның еуропалық деңгейде болуы және трамвайлардың шу деңгейінің төмен болуы, – деді ол.

Сонымен қатар, келесі кезеңде автономды жүріс жүйесін дамыту жоспарланып отыр. Достық шағынауданында контакт желісінсіз жол салу көзделуде, бұл трамвайлардың сымсыз қозғалуына мүмкіндік береді. Мұндай учаскенің ұзындығы шамамен 2,4 шақырымды құрайды.

Мамандардың айтуынша, трамвайлардың автономды жүріс қоры 20 шақырымға дейін жетеді. Сынақ барысында көлік трамвай басқармасынан Ладожская бағытына дейін барып, қайта оралған, жалпы 18 шақырым жүрген. Бұл кезде батареяда 85 пайызға жуық заряд қалған.

Батареялар алынбалы болып келеді және шатыр бөлігінде орналасқан. Қажет болған жағдайда оларды ауыстыруға болады. Пайдалану барысында жүйе қосымша жетілдірілмек.

Сондай-ақ жаңа вагондарда Wi-Fi орнату мәселесі қарастырылуда. Қазірдің өзінде USB және Type-C зарядтау порттары қарастырылған.

Бұдан бөлек, Теміртау қаласында QazTehna өкілдерімен келіссөздер жүргізілген. Компания беларусьтік серіктестермен бірлесіп лизинг және келесі вагондарды жеткізу мәселелерін пысықтауға дайын. Бұл трамвай паркін біріздендіруге және техникалық қызмет көрсетуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Асайын Байхановтың айтуынша, Павлодар үшін трамвай көлігі ерекше маңызды.

– Павлодар трамваймен тығыз байланысты қала. Сондықтан қалалық бюджеттен бөлінетін субсидиялар аясындағы қолдау біз үшін өте маңызды. Барлық жаңғырту жұмыстары осы қаржы есебінен жүзеге асырылуда. Бұл – мемлекеттік қаражат. Мұндай өзгерістер елде жүргізіліп жатқан жүйелі саясаттың және мемлекет басшылығының дұрыс бағытының нәтижесі, – деді ол.

Айта кетейік, «Махмудов атындағы Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ 1965 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде кәсіпорын жалпы ұзындығы 90 шақырымға жуық 11 маршрутқа қызмет көрсетеді, ал жылдық жолаушылар ағыны шамамен 15 миллион адамды құрайды.