Павлодарда жол ережесін елемейтін жүргізушілер көбейген
Жыл басынан бері бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткен 200-ден астам дерек тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері мен олардың салдары – жарақат алу және адам өлімі – әлі де болса жол қозғалысы ережелерін сақтамаумен тікелей байланысты болып отыр. Өкінішке қарай, күн сайын жолда жауапсыз жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жиі кездеседі.
– Мәселен, жақында Павлодар қаласындағы Абай және Академик Шөкин көшелерінің қиылысында «Mazda» автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл сигналына қарамастан өтіп кеткен. Бұл әрекетімен ол өзін, көліктегі жолаушыларды және басқа бағытта жолды кесіп өтіп жатқан жол қозғалысына қатысушыларды үлкен қауіпке ұшыратты, – делінген хабарламада.
Полиция өкілдерінің хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері жүргізушілердің бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтуіне қатысты 203 дерек тіркеліп, жолы кесілген. Тағы бір өрескел құқық бұзушылық М. Жүсіп көшесінің бойында анықталды. Мұнда жүргізуші бір қолымен телефонмен сөйлесіп, екінші қолымен рөл басқарған.
– Ол полиция қызметкерлеріне осылайша уақыт үнемдеп, көлік жүргізу барысында жұмыс мәселелерін шешетінін айтып ақталған. Дегенмен, заң бұзушылардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға тиісті айыппұл салынды, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.