Павлодарда Республика күніне орай жастарға арналған облыстық форум өтті
Аталмыш іс-шараға 14 жастан 35 жасқа дейінгі, көшбасшылыққа мүдделі және қоғамдық қызметтегі белсенді жастар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында Республика күні қарсаңында «Jańa tynys» атты облыстық форум ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара жастарға өз бастамаларын жүзеге асыру үшін белгілі тұлғалардан білім, білік және мотивация алу үшін шабыттандыратын және білім беру платформасын құруға бағытталған.
Бүгінде форум өңірдегі жастардың тәжірибе мен идеялар алмасу алаңына айналды. Оған түрлі санаттағы жастар шақырылды: шығармашыл, жұмысшы, ауыл жастары, спортшылар, кәсіпкерлер, педагогтар мен депутаттар. Қатысушылардың осындай әртүрлілігі пікір алмасуды байытып, түрлі қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды жаңа жетістіктерге жетуге шақырады.
– Департамент атынан халқымызды Республика күнімен құттықтаймын. Жас ұрпақ – біздің болашағымыз. Мысалы, қазіргі таңда грантта оқыған және GPA көрсеткіші жоғары жастар лауазымдық мемлекеттік қызметке конкурсыз қабылдана алады. Сол сияқты мемлекет тарапынан әлі де жастарға қолдау көрсетілетініне сенімдімін. Бізге оларды қолдау керек, – дейді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Павлодар облысы департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Асхат Искандеров.
Сондай-ақ, жиында тарихшылар сөз сөйлеп, республиканың қалыптасуы және оны мерекелеудің маңыздылығы туралы әңгімеледі. Бұл қатысушыларға тарихи тамырлар мен өңірдің мәдени мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
– Бүгін – үлкен мереке. М. Жұмабаев «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай қатты қанатты, мен жастарға сенемін» деп айтқандай, жастардың аталмыш алаңда бас қосып жатқандары қандай тамаша. Міне, бұл шараға жастардың шақыртуымен төртінші рет келіп тұрмын. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Сол күннен бастап, 25 қазан – Республика күні. Мемлекет басшысы екінші құрылтайында «Әділетті Қазақстан – адал азамат» деген мақамасында жастар туралы көп айтты. Мен де жастарды қолдау туралы айтамын, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Айтмұхамбет Тұрышев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстық «Jańa tynys» форумы тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірдің дамуына ықпал ететін жаңа бастамалардың катализаторы болмақ. Ол жас азаматтарды біріктіреді, республикамыздың дамуы мен гүлденуіне айтарлықтай үлес қоса алады.
– Форум өте жарқын, жақсы деңгейде өтуде. Алдағы уақытта Республика күніне Ассамблея жастары «Мен саған ән айтамын, Менің Қазақстаным» атты іс-шара ұйымдастырады. Қазіргі жастар үшін, атап айтқанда, Ассамблеясы жастары үшін республика күні басты және сүйікті мерекелердің бірі болып табылады, – дейді «Ассамблея жастары» РҚБ Павлодар облыстық өкілдігінің жауапты хатшысы Эльдар Захаров.
Айта кетейік, форум аясында әндер шырқалып, соңында кофе-брейк ұйымдастырылды. Қатысушылар бейресми жағдайда сөйлесіп, өз әсерлерімен бөлісті. Бұл уақыт пікірлес адамдармен және спикерлермен тереңірек араласу үшін тамаша мүмкіндік туғызды.