Павлодарда жүзден астам жас сарбаз әскери ант берді
6679 әскери бөлімінің қатары толықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, еліміздің түрлі өңірінен келген жүзден аса сарбаз салтанатты түрде ант қабылдады. Олар Павлодар қаласындағы қылмыстық-түзеу мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқаратын болады.
Әскери ант қабылдау рәсіміне 6679 әскери бөлімнің командирлері мен ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, өзара іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері, сондай-ақ «Сарбаздар аналары комитетінің» өкілдері қатысты.
– Бұл - сіздер үшін өте маңызды да, жауапты сәттердің бірі. Біздің ұлы ата-бабаларымыз Отанды, жерді және бостандықты қорғай отырып, халықтың мүддесіне жанқиярлықпен қызмет етті және ғасырлар бойы батылдықтың, табандылық пен батырлықтың үлгісі болды. Біз батыл ата-бабаларымыздың жолын жалғастыруға тырысуымыз керек,– деді 6679 әскери бөлімнің командирі, подполковник Аманжол Әйтенов.
Қатарға қосылған жас жауынгерлер Отанды абыроймен қорғауды және борышты орындауға дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан қатарына 2023 жылдың желтоқсанында Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарынан келген жауынгерлер қызмет басталар алдында жас жауынгер курсынан өтті.