Павлодар полицейлері аптап ыстықта қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етеді?

Павлодар полицейлері аптап ыстықта қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етеді?
Фото: автор

Экипаждар тәулік бойы қоғамдық тәртіпті күзетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының патрульдік полиция батальоны жаздың ыстығына қарамастан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда. Жоғары температура жағдайында қызмет атқаратын полицейлер үшін сақтық шаралары күшейтіліп, адам көп жиналатын орындардағы бақылау артты.

Ауа температурасы қалыптан жоғары көтерілген күндері патрульдік экипаждардың жұмысы ерекше жауапкершілікті талап етеді. Қызметкерлер далада ұзақ уақыт жұмыс жасайды. Сондықтан, олардың жағдайына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және ауысым кезіндегі тәртіпке назар аударылады. Жазғы уақытта Ертіс жағалауы, саябақтар, демалыс орындары мен түрлі іс-шара өтетін аумақтарда қосымша бақылау ұйымдастырылған.

Павлодар қаласы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция майоры Нұрболат Алигожиннің айтуынша, ауа райының қандай болғанына қарамастан тәртіп сақшысы өз міндетін орындауы қажет.

Қазіргі таңда қызметкерлер қатарына еліміздің әр өңірінен жастар келіп қосылуда. Жас қызметкерлер патрульдік полиция қызметіне қызығушылық танытады. Әсіресе, Павлодар қаласындағы әскери бөлімде бір жылдық әскери қызметін өтеген жастардың арасында қалада қалып, осы қатарында жұмыс істеуге ниет білдіретіндер бар, – деді полиция майоры.

Бүгінде батальонда 200-ден астам қызметкер еңбек етеді. Штат бойынша бос орындар бар, жаңа кандидаттарды қабылдау жалғасуда. Соңғы жылдары спортпен айналысатын жастардың құқық қорғау орган қызметіне қызығушылығы артып келеді. Үміткерлер қажетті құжаттарын жинап, белгіленген талаптарға сәйкес іріктеуден өтеді.

Қызметке қабылданған жас мамандарға бейімделу кезеңінде қолдау көрсетіледі. Олар жатақханамен қамтамасыз етіледі немесе тәжірибелі қызметкерлердің қасына орналастырылады. Әр қызметкерге тәлімгер бекітіліп, патрульдік қызметтің ерекшеліктерін меңгеруге көмектеседі.

Батальонда үш бөлімше жұмыс істейді. Бірінші – қаланың орталық бөлігін, екінші – солтүстік бағытты, үшінші - оңтүстік аумақты бақылайды. Әр бөлім өзіне бекітілген жерде қоғамдық тәртіпті сақтауға жауап береді.

Патрульдік полиция құрамында атты патруль бөлімі де бар. Бұл бағытқа қызметкерлер арнайы іріктеу арқылы қабылданады. Үміткерлер атқа мінуді, жылқымен жұмыс істеуді білуі керек. Ауылда өсіп, ат спортымен айналысқан жастардың бұл қызметке бейімділігі жоғары болады. Сонымен қатар, олар патрульдік полиция қызметкерлеріне қойылатын барлық талаптардан өтеді: дене дайындығы, тәртіп деңгейі, заңнамалық білім және кәсіби біліктілік тексеріледі.

Қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін батальонда заманауи бақылау жүйелері қолданылады. Қызметтік автокөліктер арнайы GPS жүйесімен жабдықталған. Қазіргі таңда шамамен 60 патрульдік көліктің қозғалысы бақылауда. Ал олардың жұмысын жедел басқару орталығы қадағалайды.

Сонымен бірге, патруль қызметкерлері смарт-бейнежетондармен қамтамасыз етілген. Әр қызметкер ауысымға шығар алдында құрылғыны алады. Бейнежазбалар басшылық пен бақылау жүйелеріне қолжетімді. Егер бейнежетон жоғалса, қызметкер материалдық жауапкершілікке тартылады.

Әр қызметтік экипаж екі қызметкерден тұрады: жүргізуші және аға экипаж қызметкері. Қажет болған жағдайда мамандар полицияның басқа бөлімдеріне ауыса алады. Қоғамдық тәртіпті бақылау қызметі құқық қорғау саласында тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі саналады.

Патрульдік полиция қызметі тек құқық бұзушыларды анықтаумен шектелмейді. Қызметкерлер азаматтарға көмек көрсетеді, жол-көлік оқиғаларына қатысады, төтенше жағдайларда адамдарды құтқарады, – деп атап өтті батальон командирінің орынбасары.

Қызмет барысында азаматтардың полиция талабына бағынбауы немесе қарсылық көрсету жағдайлары да кездеседі. Мұндай жағдайлар заң талаптарына сәйкес қаралады. Қажет болған кезде қызметкерлер заңда көрсетілген арнайы құралдарды, дене күшін және басқа да рұқсат етілген тәсілдерді қолдана алады.

Батальон командирінің орынбасары патрульдердің жұмысын тәулік бойы бақылап отырады. Радиобайланыс арқылы шақыртулар қадағаланады. Оқиға орнына бірінші жеткен инспектор жағдайды бағалап, заң талаптарына сәйкес шешім қабылдайды.

Полиция қызметкерлері радиобайланыста арнайы шақыру белгілерін пайдаланады. Мысалы, «677», «678» сияқты байланыс белгілері экипаждарды жылдам анықтауға мүмкіндік береді.

Аптап ыстық кезеңінде қаладағы қоғамдық орындарға ерекше назар аударылады. Демалыс күндері мен мерекелік шаралар кезінде күшейтілген қызмет тәртібі енгізіледі. Қазіргі уақытта түнгі кезекшілік қызметіне шамамен 20 қызметкер шығады.

Патрульдік полиция жұмысы азаматтардың бақылауында да болады. Шағым түскен жағдайда экипаждың шақыру белгісі мен бейнежетон жазбалары арқылы жағдай толық тексеріледі.

Қызметтегі ең басты талап – жұмысты адал атқару. Қызметкерлер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еңбек етеді. Олардың жұмысына басшылықпен қатар қоғам да баға береді, – деді полиция майоры Нұрболат Алигожин.

Аптап ыстық, адам көп жиналатын орындар немесе төтенше жағдайлар – патрульдік полиция үшін қосымша жауапкершілік кезеңдері. Соған қарамастан Павлодар қаласының полицейлері кез келген жағдайда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін жалғастырып келеді.