Түркістан облысындағы ауылдың біріне Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі берілді
Ауыл іргесі 1993 жылы қаланған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
– Ер түріктің бесігі, киелі Түркістан өңірінен сүйінші хабар келіп жетті. Аталған аймақтың Сауран ауданына қарасты елдімекендердің біріне ұлы ойшыл, әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі берілді. Оңтүстік өңірдегі Мәшһүр Жүсіп ауылы Түркістан қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде онда 136 отбасы түтін түтетіп отыр. Халқының саны — 1220, – деп сүйінші хабармен Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан бөлісті.
Басқарма басшысының айтуынша, атамекенін аңсап келген ағайынның көпшілігі осы елдімекенге қоныстанған.
Осылайша, Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы мен жергілікті облыстық мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес ауыл әулие атамыздың есімін арқалады.