Павлодарда «Қауіпсіз аула» шарасының алғашқы нәтижелері белгілі болды
Небары бір тәуліктің ішінде полиция қызметкерлері 600-ден астам азаматты тексеріп, ондаған құқық бұзушылықтың жолын кесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір аумағында 28 қаңтар мен 3 ақпан аралығында «Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Тәртіп сақшылары тұрғын үй секторларын аралап, профилактикалық есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайларын жіті тексеріп жатыр. Әрбір азаматпен тұрмыстық қарым-қатынаста және қоғамдық орындарда заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Полицейлер құқық бұзушылық пен қылмыс жасауға бейім тұлғаларды анықтауға ерекше назар аударып отыр. Сонымен қатар, тұрғындарға мүліктік қауіпсіздік шаралары мен ортақ мүлікке ұқыпты қарау қажеттігі ескертілді.
– Алғашқы тәуліктің өзінде полициямен 30 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде 24 азамат қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген, 3 адам ұсақ бұзақылық жасаған. Барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Павлодар қаласының Ладожская көшесінде ер адам қоғамдық жерде дәрет сындырған. Аталған дерек бойынша материал сотта қаралатын болады. Ал Толстой көшесіндегі дүкенде сатушы алкоголь өнімін 21 жасқа толмаған тұлғаға сатқан. Сауда қызметкері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Айта кетейік, бұл шараның негізгі мақсаты – алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу.