Павлодарда құрылыс қалдықтарын заңсыз төккендер анықталды

Павлодарда құрылыс қалдықтарын заңсыз төккендер анықталды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Рейд кезінде жүк көлігімен жасалған заңсыз қоқыс төгу әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру талаптары мен табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді.

Рейд барысында қаладағы бау-бақша серіктестіктерінің бірінде құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген орынға шығару фактісі анықталды. Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Анықталғандай, Павлодардағы ЖШС-лардың біріне тиесілі Shacman жүк көлігінің жүргізушісі құрылыс қалдықтарын арнайы бөлінбеген жерге төккен. Оның мұны кәсіпорын басшылығының тапсырмасымен жасағаны белгілі болды.

Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, заңды тұлғаға қатысты қажетті құжаттар рәсімделген.

– Осы факті бойынша заңды тұлғаға қатысты материалдар әзірленіп, қарау және құзыреті шегінде шешім қабылдау үшін Павлодар облысының экология департаментіне жолданды, – деді Азамат Күркебаев.

Тәртіп сақшылары тұрғындар мен ұйымдарды тазалық талаптарын сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға шығаруға шақырды.