Павлодарда үздік оқушылар мен ата-аналар марапатталды
«Жас дарын» мектеп-лицейінің оқушыларын марапаттау рәсімін жыл сайын өткізу дәстүрге айналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2023-2024 оқу жылындағы облыстық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, зияткерлік және шығармашылық байқаулардың қорытындысы бойынша «Тoп жарған-2024» мерекелік іс-шарасында 110 оқушыға арнайы мүсіншелер табыс етілді. Жас ұрпақты түрлі сайыстарға дайындаудағы мектеп стратегиясын қолдағаны үшін оқушылардың ата-аналары Алғыс хаттармен марапатталды. Жоғары оқу орындарының ғылыми тәлімгерлері мен оқытушыларының да еңбегі атап өтілді.
Сонымен қатар, оқу жылында «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында оқушылар сыныпта, үйде ата-аналарымен бірге кітап оқуға қатысты.
– Балалар оқыған кітаптары бойынша квест ұйымдастырылып, шығарма желісіне сәйкес суреттер салды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен өткен сайыста шығармалар бойынша үздік білгір анықталды. Мектептің Әкелер кеңесі Бас жүлдеге спорттық велосипед тағайындады. Бұл сыйлыққа 8 «А» сынып оқушысы Диляра Табаева ие болды, – деді мектеп басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Асайынова.
«Оқушыдан - оқушыға» әлеуметтік жобасы аясында үш жыл бойы жоғары сынып оқушылары Кенжекөл ауылындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне онлайн сабақтар өткізіп келеді. 10-сынып оқушысы Ирадат Майдан балалар үйіне барып, балалармен кездесті, олардың нені армандайтынын біліп, мектепте «Досыңа қуаныш сыйла» акциясын ұйымдастырды. Ол өзінің сезімталдығы, қамқорлығы және көмектесуге деген құштарлығы үшін «Мейірімді жүрек» мүсінімен марапатталды.
Акцияға мектеп-лицейінің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Қолдау тобы балалар үйіндегі барлық тәрбиеленушілерге сыйлықтар табыстады.