Павлодарда қазылған жолдарды қалпына келтірмеген монополистер жазалануы мүмкін

Павлодарда қазылған жолдарды қалпына келтірмеген монополистер жазалануы мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұзылған жолдардың жай-күйімен Хасар Хабылбеков өзі танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков жер қазу жұмыстарынан кейін жол жабындарын қалпына келтіру мәселесін тексеріп, коммуналдық кәсіпорындарға нақты талап қойды.

Қалада жолдарды жөндеу кезінде заманауи технологиялар қолданылып, бірқатар учаскеге щебенді-мастикалық асфальтбетон төселіп жатыр. Алайда инженерлік коммуникацияларды жөндеу барысында қазылған кейбір учаскелердің тиісті деңгейде қалпына келтірілмегені анықталған.

Хасар Хабылбековтің айтуынша, жолды қазған ұйымдар бұзылған жабындыны бастапқы қалпына келтіруге міндетті.

– Қолданыстағы нормаларға сәйкес, қандай жабынды бұзылса, сол жабынды қайта төселуі керек. Биыл қалада щебеньді-мастикалық асфальтбетон қолданылып жатыр. Сондықтан қазылған учаскелерді кәдімгі асфальтпен қалпына келтіруге жол берілмейді. «Мұндай материал жоқ» деген сылтау қабылданбайды. Бұзылған жолды бастапқы қалпына келтіру қажет, – деді қала әкімі.

Ол жөнделген жолдардың барлығы бақылауда екенін атап өтіп, қаланың әр аумағындағы қазылған учаскелерді талапқа сай қалпына келтіруді тапсырды.

Әкімнің сөзінше, кейбір учаскелердің бір жарым айдан бері қалпына келтірілмей тұрғаны анықталған. Ал кей жерлерде тіпті уақытша қиыршық тас төсеу жұмыстары да жүргізілмеген.

– Қазір жылы күндердің соңғы кезеңі. Асфальт төсеу жұмыстарын кейінге қалдыруға болмайды. Қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау қажет, – деді шаһар басшысы.

Қала әкімі коммуналдық кәсіпорындардың жауапкершілігіне де тоқталды. Оның айтуынша, бюджет қаражатына абаттандырылып, асфальт төселген аулалар мен жолдарды кейін қайта қазып, тиісті деңгейде қалпына келтірмеуге жол берілмеуі тиіс.

– Біз аулаларды бюджет қаражатына жөндеп жатырмыз. Оған қомақты қаржы жұмсалады. Сондықтан коммуналдық кәсіпорындар жүргізген жұмыстардан кейін жол жабындысы толық әрі сапалы қалпына келтірілуі керек, – деді ол.

Хасар Хабылбеков талаптар мен қалпына келтіру мерзімдерін бұзған монополистерге қатысты қатаң шара қабылданатынын атап өтті. Тиісті материалдар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары мен полицияға жолданады.

Қала әкімі талаптар мен қалпына келтіру мерзімдерін бұзған монополистерге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесі мен полиция органдары тарапынан қатаң шаралар қабылданатынын атап өтті.