Павлодарда көпқабатты үйдің тұрғындары кәріз жүйесінің бітеліп қалуына дәмхананы кінәлауда
Қала әкімі тұрғындардың өтініш-тілектеріне жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Хасар Хабылбеков өзінің «Instagram» парақшасында мәлімдегендей, Нұрмағамбетов көшесіндегі №14 үйдің тұрғындары жиі бітеліп қалатын кәріз жүйесіне шағымданды.
– Тұрғындар бұған «ВК» дәмханасын кінәлап отыр. Тұрғын үй инспекциясы бөліміне «Павлодар-Водоканал» ЖШС-мен бірлесіп, кәріз жүйесін реттеуді тапсырдым, – деді қала басшысы.
Сонымен қатар, Хасар Хабылбековке тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы аясында шатырды ауыстырып беру туралы өтінішпен Камзин көшесі, 1/1-үйдің тұрғындары жүгінген болатын. Қала әкімі олармен жүздесіп, барлық қажетті құжаттамалар дайын болған жағдайда, шатырды жөндеу жұмыстарын осы жылға жоспарлайтынын түсіндірді.
Одан бөлек, Малайсары батыр көшесіндегі 53 және 55 үйлердің тұрғындары коммуникация желілерін қаланың балансына беру бойынша көмек сұрауда. Қала басшысының айтуынша, бұл мәселе мердігер ұйыммен талқылануда.
– Бекхожин көшесі 3, 5, 5/1 және 7 үйлердің тұрғындары ауланы абаттандыру туралы өтініш білдірді. Бүгінгі таңда мердігер анықталды, мұнда асфальт төселеді. Сонымен қатар тас тақтайшаларын төсейміз, – деп қосты Хасар Хабылбеков.
Қала әкімі тұрғындардың барлық мәселелерін бақылауда ұстап, жедел шешуге тырысатынына сендірді.