Ертіс ауданының төрт ауылында алғаш рет жол төселеді
Бұған дейін тұрғындар қиыршықтастың үстімен жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында жолдың ұзындығы 830 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар және елді мекендер көшелерінің жолдары бар.
15 көшедегі ауылішілік жолдарды жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 584 миллион теңге бөлінді. Ертіс, Қызылжар, Голубовка, Сілеті ауылдарында жолдарға асфальт төселеді.
– Бұған дейін осы ауылдардың көшелерінде асфальт болмаған, қиыршықтас қана төселген. Ауыл тұрғындары жаңа жолдарға өте риза, – деді экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Қайролла Елукеев.
Бұған қоса, Панфилов ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 165 миллион теңгеге жол жөнделеді. Қазіргі таңда екі көшенің жолдарында жөндеу аяқталды.
Облыстық маңызы бар жолдарға 2 282 миллион теңге қажет. Бұл қаражат 2025 жылы аяқталатын «Амангелді ауылына кіреберіс жолы» екі жылдық жобасына және Панфилов-Қосағаш автожолдары мен Қоскөл ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеуге жұмсалады.
Облыстық маңызы бар жолдың Панфилов-Бестөбе учаскесіне 735 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Ал Сілеті-Қызылшаш жолының сараптамасы қыркүйек айында ғана дайын болады.
2025 жылға қарай тұрғын үй-шаруашылық бөлімі Ленин, Ынтымақ, Үлгілі және Қызылағаш ауылдарына кіреберіс жол салуға уәде беріп отыр. Ал 2026 жылға қарай республикалық маңызы бар 24 шақырымдық «Атамекен-Ертіс-Русская поляна» тас жолы жөнделеді.