Павлодар Чемпиондар лигасының матчтарын қабылдай алады

Павлодар Чемпиондар лигасының матчтарын қабылдай алады
Фото: The Sun

Павлодарда элиталық деңгейдегі жаңа футбол стадионы салынбақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мұндай бастаманы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов көтерген болатын. Өңір басшысы «Ертіске» арналған жаңа арена жобасы басталғанын және аймақ үшін стратегиялық болып саналатынын мәлімдеді. Облыстық құрылыс басқармасында бұл ақпаратты толық растады.

Ведомство мәліметінше, биыл «Павлодар қаласында 25 000 орындық стадион салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталады. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын 2027 жылдың II тоқсанында алу жоспарланған.

- Құрылыс жұмыстарының нақты мерзімі жобалау аяқталғаннан кейін анықталады. Алдын ала есеп бойынша, құрылыс кемінде үш жылға созылады. Жаңа стадион Павлодар қаласының солтүстік бөлігінде, «Құлагер» ипподромы ауданында орналасады. Мұндай аумақты таңдау қалада инженерлік желілерге қосылу мүмкіндігі бар және көлемі шамамен 17 гектарды құрайтын бос жер телімдерінің болмауына байланысты қабылданған, - деп жазады құрылыс басқармасының өкілдері.

Жоба бойынша стадион UEFA-ның төртінші санатына сәйкес болады. Бұл халықаралық аренада Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасы матчтарын өткізуге мүмкіндік береді.

Кешен құрамына көрермен трибуналары бар футбол стадионы, автотұрақтар, іргелес аумақты абаттандыру, сондай-ақ барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым кіреді. Стадион ашық футбол алаңымен салынады, ал жабық шатыр тек көрермен трибуналарының үстіне орнатылады.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, жобалау мен кейінгі құрылыс барысында Еуропа және Қазақстандағы осындай спорт нысандарының озық тәжірибелері мен заманауи технологиялары ескеріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірде 20-25 мың орындық жаңа арена салу жоспары бар екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жоба «Ертіс» футбол клубының дамуына және өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға бағытталған стратегиялық нысан болмақ.

– Бұл жай ғана стадион емес, бұл – жастар үшін мотивация, өңір спортына инвестиция және Павлодар футболының жаңа кезеңі, – деген еді аймақ басшысы.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Павлодар қаласының әкімдігі жаңа ипподром құрылысын аяқтап жатыр. Нысан Павлодар жылыжай комбинатының ар жағында, Шарбақты көпірінің сыртында орналасқан. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған. 

Айта кетейік, Қазақстанда UEFA-ның төртінші санаты талаптарына тек «Астана Арена» және Алматының Орталық стадионы ғана жауап береді.