Павлодардағы қазақ театры жаңа қойылымның премьерасына дайын

Павлодардағы қазақ театры жаңа қойылымның премьерасына дайын
Фото: Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрынан

Премьера 26-27 ақпанға жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры көрермендерді тағы бір тың туындымен қуантпақ. Бұл жолы өнер ұжымы қоюшы режиссерді арнайы Астана қаласынан шақырған. Ол – бұқараға белгілі театр актері әрі режиссер Жұлдызбек Жұманбай. 

Жұлдызбек Айтқалиұлы былтыр Қазақстан  театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2025» театр өнерінің кәсіби сыйлығында «Үздік режиссер» аталымында жеңіске жеткен болатын. Жергілікті театрдың шақыртуын қабыл алған режиссердің таңдауы Сәкен Сыбанбайдың «Үміт үйі» шығармасына түскен. Аталмыш туынды желісімен әзірлеген «Балам, қашан келесің?» драмасы жақында үлкен сахнаға жол тартады. 

Қойылым – өзекті. Айтар ойы анық. Ең басты мәселе мәпелеп өсірген перзентін қарттар үйінде зарыға күтетін ата-ананың бар тағдыры көрініс табады.

Олардың күнтізбесінде тек бір ғана күн бар. Ол - «бүгін келеді» деген үміт күні. Алты тағдыр, алты түрлі өкініш және бір ортақ күту залы. Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректі дүрсілдетеді. Өз үйіне сыймағандар, өз баласына «артық жүк» болғандар мұнда не іздейді? Олар перзентін кешіре ме? Ең басты сұрақ есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды - сағынған баласы ма, әлде...

Міне, бұл – спектакль барысында көрермен жауап алатын ұтымды сәттердің бір бөлігі ғана. 

Тағдыр тәлкегіне түскен жандардың ішкі сырын көрерменге жеткізетін актерлер қатарында қарашаңырақтың аға буыны мен жастары қатар бой көрсетеді. Мәселен, басты рөлдегі Дәмегүл образы Рауза Тәжібаева мен Гүлжихан Хамитоваға бұйырса, Зақашты – Даурен Әділ, Сейфолланы – Бек Тоқатов, Бақтыбайды – Бейбіт Шәнім, Қадишаны  - Қарлығаш Жексембаева мен Гүлжанат Омарова және Омарханды Жұмахан Доспаев сомдайды.

Айта кетелік, қойылым ұзақтығы 1 сағат 30 минутты құрайды. Ал қазақ тілін жетік түсінбейтін көрермен үшін де жағдай қарастырылған. Яғни, спектакль орыс тілінде синхронды аудармамен беріледі.