Асайын Байханов Екібастұзда ауаның ластануына қатысты шағымдарды тексерді

Асайын Байханов Екібастұзда ауаның ластануына қатысты шағымдарды тексерді
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкімі көмір кеніштеріндегі экологиялық жағдайды да зерттеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жұмыс сапарына соңғы апталарда түтіннің пайда болуы және атмосфералық ауа сапасының нашарлауы туралы екібастұздықтардың өтініштері себеп болды.

Өңір басшысы Асайын Байханов Екібастұздың көмір кеніштеріне барып, орын алған жағдай бойынша сол жерде толық әрі жан-жақты түсініктеме беруді талап етті.

Бұған дейін «Богатырь Көмір» кенішінің солтүстік борттар мен ашылған жыныстардың ішкі үйінділерінде эндогендік үдерістердің шағын ошағы анықталып, жедел түрде оқшауланған болатын.

«Шығыс» кенішінде кәсіпорынның мәліметіне сәйкес ашық жану фактілері тіркелмеген. «ЕЭК» АҚ филиалының директоры Юрий Личман анықталған түтіндену үдерісі метан құрамды учаскелерде жүргізілген технологиялық жұмыстармен байланысты екенін түсіндірді. Эндогендік өрттердің алдын алу мақсатында кәсіпорын үйінділердің температуралық режиміне ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып мониторинг жүргізуде.

Ошақтардың басым көпшілігі «Ангренсор Энерго» ЖШС кенішінде тіркелген. Өңір басшысы кеніште жүйелі әрі ашық бақылауды қамтамасыз етуді және анықталған бұзушылықтарды жедел жоюды талап етті.

Облыс әкімі кез келген технологиялық үдерістер экологияға және тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмеуі тиіс екенін атап өтті. Барлық көмір өндіруші кәсіпорындардың басшылығына мұндай жағдайларға жол берілмейтіні қатаң ескертілді.

Нысандарды аралағаннан кейін Асайын Байханов Екібастұздағы экологиялық ахуалды жан-жақты талқылаған жиналыс өткізді.

Жиналыс барысында бас мемлекеттік экологиялық инспектор Әсет Сыздықов өңірдегі көмір өндіруші кәсіпорындарға жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенін баяндады. Тексеріс «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішін, «Богатырь Көмір», «Ангренсор Энерго» және «Майкубен-Вест» кәсіпорындарын қамтыды. Тексерістердің қорытындысы бойынша кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2,9 млн теңге айыппұл салынды және міндетті нұсқамалар берілді.

Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі ластаушы заттардың нақты шығарындылары 669,9 мың тоннаға дейін төмендеп, алғаш рет белгіленген шектен төмен түскені атап өтілді. Бұл көрсеткіштердің төмендеуі энергетика мен өнеркәсіптің ірі кәсіпорындарында жабдықтарды жаңғырту және технологиялық үдерістерді оңтайландыру есебінен қамтамасыз етілді.

– Тұрғындардан ауаның ластануына қатысты шағымдардың көптеп түсуі – бұл әрекет етуге тікелей белгі. Мәселені түсіндірмей, шешу қажет, – деп талап етті облыс әкімі.

Асайын Байханов экология мәселелері өңір үшін сөзсіз басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтіп, экологиялық талаптардың сақталуына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ Екібастұз көмір бассейнінің барлық кеніштерінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып заманауи мониторинг жүйелерін кеңінен енгізуді тапсырды.

Жиналыс барысында Асайын Байханов қалада түтіннің пайда болуына әсер ететін қосымша себептерге де тоқталды. Атмосфералық ауаға түсетін жүктеменің бір бөлігі Екібастұздың жеке тұрғын үй секторына тиесілі екені атап өтілді.

Қазіргі таңда қаладағы 6,5 мың жеке тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алайда 500-ден астам үй әлі де пешпен жылыту жүйесін пайдаланып отыр, соның ішінде 300-ге жуық тұрғын үй техникалық тұрғыдан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу мүмкіндігі жоқ 22-ші шағын ауданда орналасқан.

Осыған байланысты Екібастұз қаласының әкіміне 2026 жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін 22-ші шағын ауданның жеке секторын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, ЕЖЭО-на қажетті жылу жүктемесін есептеу және 2027 жылы жобаны іске асыруға кірісу тапсырылды.

Облыс әкімі Екібастұздың көмір кеніштерінде экологиялық тәртіпті қамтамасыз етуді, түтіндену мен атмосфералық ауаның ластануының кез келген фактілеріне жол бермеуді талап етті.

Көмір өндіруші кәсіпорындардың басшыларына анықталған барлық экологиялық тәуекелдердің көздерін дереу жою, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып үйінділердің температуралық режиміне тәулік бойы мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық талаптардың сақталуына жеке жауапкершілік алу міндеттелді.

Қайтадан бұзушылықтар анықталған жағдайда, аталған кәсіпорындар басшылығын жауапкершілікке тартуға дейін қатаң шаралар қолданылатын болады.