Павлодарлықтар Конституциялық реформа – ел дамуының стратегиялық бағдары, дейді
Олардың пікірінше, Қазақстандағы Конституциялық реформа жүйелі әрі ұзақмерзімді сипатқа ие болып, мемлекеттің бүгінгі ғана емес, ертеңгі дамуына нақты бағыт беріп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Дулат Әбетжанов жаңартылған Ата заңды талқылау барысында айтты. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда қоғамның түбегейлі өзгергенін, ал реформалардың тұрақты сипат алғанын атап өткен.
- Төрт жыл ішінде Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Бұл құрылтайдың ауқымды реформалардың басты қозғаушы күшіне айналғанын айқын көрсетеді, — деді спикер.
Дулат Әбетжанов Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызын атап өтіп, оның ата-бабаларымыздан жалғасқан кеңес дәстүрінің заңды жалғасы екенін айтты. Бүгінде құрылтай халық пен билік арасындағы ашық диалогты қалыптастырып, азаматтық қоғамның сеніміне ие маңызды институтқа айналған.
Спикер Конституциялық реформаның ауқымына да тоқталды. Ата заңның 84 пайызы жаңартылып, 77 бабына түзетулер енгізілген. Құжат құрылымы өзгеріп, екі жаңа бөлім қосылған.
- Конституция арқылы біз Қазақстанның қандай мемлекет болғысы келетінін және осы бағытта қандай қадамдар жасап жатқанын бүкіл әлемге көрсетеміз. Жаңа реформада құқықтық тұрақтылық пен адам құқығын қорғауға басымдық берілген, — деді ол.
Сонымен қатар, қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау мәселесіне ерекше мән беріліп отырғаны айтылды.
«Ұлы дала» ұғымы аясында өткен құрылтайларда ұлттық бірегейлік, тарихи сана, қазақ тілінің рөлі, рухани-мәдени мұраны сақтау, ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық бірлік мәселелері көтерілгені атап өтілді. Бұл бастамалар өткенді дәріптеу үшін емес, болашаққа бағыт беру мақсатында қарастырылған.
Қорытындылай келе, Дулат Әбетжанов патриотизмнің ұран емес, күнделікті әрекеттен көрінетін құндылық екенін атап өтті. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, заңға бағыну және ел мүддесіне адал қызмет ету — тәуелсіз Қазақстанның берік негізі.