Екібастұзда Қала күніне әнші Садраддин, Жанболат пен Жазира келеді

Екібастұзда Қала күніне әнші Садраддин, Жанболат пен Жазира келеді

Іс-шара бірнеше алаңда тойланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласы мәдениет, тілдері дамыту және дене шынықтыру бөлімінің мәліметінше, 10 маусымда Екібастұз шаһары 66 жылдығын атап өтеді.

Сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін «Шахтер» мәдениет және демалыс саябағында «Жастар аумағы» мерекелік бағдарламасы өтеді.

Бұл алаңда «Қазыналы Екібастұз» экологиялық фестиваль ұйымдастырылады. Ол жерде қолөнер, экологиялық бұйымдар көрмесі,  жәрмеңке, экологиялық бағыттағы шеберлік сағаттары өткізіледі.

 – Сондай-ақ, жастарға арналған бағдарлама да бар. «Жастар FEST» жастар бағдарламасы – аймақтағы «Бес аспап» шығармашылық жастар ұжымдары, би ұжымдарының ойын-сауық концерті ұйымдастырылады. Спорттық шаралар да қарастырылған, – дейді бөлімде.

Мерекенің соңында көрермендерді «Бояулар фестивалі» және  би кеші, фристайл, брейкданс, воркаутерлер көрме қойылымдары күтеді.

«Өнер» ҚМС алаңында сағат 16:00-18:00 аралығында «Жігіт сұлтаны» байқауы өтеді. Бас жүлде және I, II, III орын иегерлері ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Сағат 19:00-ден бастап ұлттық костюмдер дефилесі өткізіледі. Сағат 20:00-ден бастап концерттік бағдарма ұйымдастырылады.

Концертте Қазақстан эстрадасының әншілері Жанболат пен Жазира, Садраддин, «Формат» тобы өнер көрсетеді. 

Бұл мерекеге 20 мыңға жуық адам келеді деп болжануда.