Павлодарлық диқандар көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен қаржыландырды

Бұл мақсаттарға барлығы 700 миллиард теңгеге дейін бөлу жоспарлануда, оның 560 миллиард теңгеге жуығы нарықтық капитал көздерінен тартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын ерте қаржыландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жеңілдетілген несиелеуге өтінімдер қабылдау 2024 жылғы 29 қарашадан басталды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне егіс науқанына дер кезінде дайындалып, тұқым, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, сондай-ақ қажетті агротехникалық іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік берді.
Қазірдің өзінде 6100 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер 382,5 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Барлығы 480,5 миллиардқа жеті мың өтініш пулы қалыптасты. Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қаржылық ресурстарға барынша жеңілдетілген әрі қолайлы шарттармен қол жеткізіп отыр.
Бағдарламаға қатысушылардың аясын кеңейту мақсатында несие рәсімдеп, оны өтеуге жүгінуге болатын қаржы институттарының қатары ұлғайтылды.
«Аграрлық несие корпорациясы» жылдық бес пайызға жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен «Кең дала 2» бағдарламасы аясында қаржыландыруды жалғастыруда.
Қаржыландыру процесіне Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары белсенді атсалысуда. Осы өңірлік құрылымдар арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға 165,3 миллиард теңге бөлінді.
Қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру мақсатында несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру тетігі іске асырылуда. 2025 жылдың өзінде жалпы сомасы 159 миллиард теңгені құрайтын несиелерге 135,2 миллиардқа 943 кепілдік берілді. Бұл кепілдіктерді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұсынады.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын жылдық бес пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы жалғасуда. Ағымдағы жылға арналған жалпы қаржыландыру лимиті – 200 миллиард теңге. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне алты мыңнан астам отандық техниканы сатып алуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда 120 миллиардқа 3200 өтінім беріліп, 60,7 миллиард теңгеге 3435 бірлік техника сатып алуға 1823 келісім-шарт жасалған.
Қабылданған шаралар ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.