Павлодар облысында биыл 17 мың гектарға жуық суармалы алқап енгізіледі

Павлодар облысында биыл 17 мың гектарға жуық суармалы алқап енгізіледі

Облыста егістік алқаптардың 6% суармалы жерлер, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының  басшысы Мұрат Хамитов мәлім етті. 

Оның айтуынша, облыста барлығы 2,5 миллион гектар егістік жер бар. Оның ішінде шаруашылықтарға бекітілген жер көлемі – 2,2 миллион гектар. 

– Егістік жерлердің ішінде суармалы алқаптардың ауданы 150,2 мың гектар немесе 6% құрайды. Мемлекет басшысы Павлодар облысына 2022 жылы келген кезде 2030 жылға қарай суармалы жерлердің көлемін 300 мың гектарға дейін ұлғайту жөнінде тапсырма берді, – деді Мұрат Хамитов. 

Өткен жылы облыста суарылмайтын жерлерден 13,1 мың гектар суармалы жерлерге ауыстырылды. 

Бұдан басқа, өткен жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз қаражаты есебінен ауданы 2,4 мың га суарылатын алқап пайдалануға берілді.

Биыл суарылмайтын жерлерден 9 мың гектарды суармалыға ауыстыру және 7,5 мың гектар суарылатын жер енгізу жоспарлануда. 

– Одан бөлек, өңірімізде ауыл шаруашылығы өндірушілері өз қаражаты есебінен әзірлеген, 22,4 миллиард теңге сомасына 21,6 мың гектар суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу жөніндегі жобалау-сметалық құжаттамамен 23 жоба бар. Оларды жүзеге асыруға қаржы қажет. 23 жобаның 18-і «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында қаралды, – деді Мұрат Хамитов.

Айта кетейік, облыста шаруашылықтарға бекітілген жерлердің ішінде пайдаланылмайтыны да бар. Бүгінде пайдаланылмайтын тыңайған жерлердің ауданы - 183 мың гектар. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылы 5,5 мың га мемлекеттік меншікке қайтарылды, 5 мың га пайдалануға кірісті, тыңайған жерден 2,8 мың га жайылымға ауыстырылды.

Фото: Константин Шелков