Павлодарлық оқушылар ұшқыш Нұркен Әбдіровтің ерлігімен танысты
Биыл Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің туғанына 105 жыл толып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық С.Торайғыров атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің туғанына 105 жыл толуына орай және Жеңіс күніне арналған «Сарыарқа сұңқары» атты ерлік сабағы өтті.
Шараға №36 мектептің оқушылары арнайы қатысты. Онда Нұркен Әбдіровтің өмірі, ерлігі туралы әңгімелеп, «Сарыарқа сұңқары» бейнебаянын тамашалады.
Сонымен қатар, оқушылар Жеңіс және Отан қорғаушылар күніне орай «Ер есімі – ел есінде» атты кітап көрмесін тамашалады.
Айта кетелік, Кеңес Одағының Батыры Нұр¬кен Әбдіров 1919 жылы 9 тамызда қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы Нұркен селолық округі маңындағы Тезекбай тауының етегінде дүниеге келген.
1940 жылы Нұркен Әбдіров әскер қатарына шақырылып, Орынбордағы ұшқыштар училищесіне оқуға жіберіледі. Ол ұшқыштар даярлайтын оқу орнында әскери ұшақтарды басқаруды үйренді.
Соғыс басталғанда Нұркен Ташкенттегі әуе атқыштары курсына жіберіледі де, оны бітіргеннен кейін Сібірдегі қалалардың біріне шабуылшы-ұшқыш мамандығын меңгеруге аттанды. Сөйтіп ол 267-ұшқыштар дивизиясының 808-шабуылшы полкіне қосылып, майданға аттанады. Нұркен «ИЛ-2» шабуылдаушы ұшағымен айқасқа кіреді. 16 рет аспанға көтерілген Нұркен Әбдіров жаудың 12 танкісін, 28 жүк машинасын, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, 3 жанармай цистернасын, 3 қару ұясын талқандайды.
1942 жылы 19 желтоқсанда өзінің серігі атқыш, байланысшы Александар Комиссаровпен соғыс аспанына 17-рет, яғни соңғы рет самғап шығады. Олар Ростов облысындағы Боков-Пономаревка ауданындағы жаудың шоғырланған күшін жоюға тапсырма алады. Өзінің осы соңғы шайқасында 16 танкті, зенит артиллериясының 2 ұясын, көптеген жау сарбазын жояды. Жау зеңбіректері де Нұркенді үздіксіз атқылаумен болады. Ақырында Нұркеннің ұшағы лаулап жана бастайды. Осы сәтте ол отқа оранған ұшағын неміс техникасының шоғырланған жеріне қарай бағыттайды. Бұл батырдың әуеге соңғы рет көтерілуі еді.
Батырдың ақтық сөзін екінші ұшқышы кейінгі ұрпаққа жеткізді. Ол алматылық жерлесі Алексей Писанко еді. Ақтық сөзі:
«Қош бол, Леша, Отанға де¬ген менің жалынды сәлемімді жеткіз. Қарағандыға хат жазып жібер. Қош бол, досым!».
Батыр Ростов облысындағы Боков стансасы маңындағы Коньки деген хутордың іргесіне, бауырластар зиратына жерленген.
Нұркен Әбдіровке Кеңес Одағының Батыры атағы қаза болғаннан кейін 1943 жылы 31 наурызда берілді.