Павлодарлық бизнесмендер жаңа салық кодексіндегі өзгерістерді талқылады

Шараға ұлттық экономика вице-министрі және табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймаққа іссапармен ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев келді. Жұмыс сапары аясында ол «Достық үйінде» өңірлік кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кездесу өткізіп, салық кодексінің негізгі бағыттары мен экономикалық саясаттағы өзгерістерді талқылады.
Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек бұл кездесудің маңызды екенін атап өтті.
– Бүгін – заңнамадағы жаңалықтарды түсіндірумен қатар, олардың практикалық маңызын талқылаймыз. Бұл бизнес өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер үшін қауіпсіз алаң болмақ, – деді ол.
Вице-министр жаңа салық кодексінің басты бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, құжат келер жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа кодекстің мақсаты – салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, есептілік нысандарын қысқарту және бизнесті қолдау.
Министрліктің мәліметінше, салық және алым түрлері жиырма пайызға, ал есептілік нысандары отыз пайызға қысқарады. Арнайы салықтық режимдер саны жетеуден үшеуге дейін азайтылады.
Сонымен қатар, кейбір мөлшерлемелер өзгеріске ұшырайды.
– Жеке тұлғалардың жылдық табысы 8 500 АЕК-тен аспаса, жеке табыс салығы он пайыз деңгейінде қалады. Ал бұл сомадан жоғары табысқа он бес пайыз мөлшерақы қолданылады, – деді Ерлан Сағынаев.
Білім, мәдениет және медицина салаларына салықтық жеңілдіктер сақталады. Келер жылы олар бес пайыз мөлшерінде, ал 2027 жылдан бастап он пайыз деңгейінде салық төлейтін болады.
Кездесуде тарифтік саясат пен инфляцияны тежеу шаралары да талқыланды. ҚР ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаровтың айтуынша, барлық тарифтер нақты экономикалық есептерге сүйене отырып бекітіледі. Қазір өтінімдер электронды түрде қабылданып, процестердің ашықтығы қамтамасыз етілуде.
Ол биыл тарифтердің айтарлықтай өсуі күтілмейтінін, ал инфляция деңгейін жыл соңына дейін 10-11 пайыз шегінде ұстап тұру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар жаңа кодекс жобасына қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты.