Павлодарда кадеттер полицияның «цифрлық қалқанымен» танысты

Павлодарда кадеттер полицияның «цифрлық қалқанымен» танысты
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті

Ашық есік күні аясында жастарға заманауи технологиялар мен полиция жұмысының ерекшеліктері көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңару күні мерекесіне орай және «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында облыстық полиция департаментінде Ашық есік күні өтті. Іс-шараға «Жас шекарашы» және «Жас сарбаз» клубтарының 50 курсанты қатысты.

Экскурсия барысында қатысушыларға заманауи полицияның жоғары технологиялық цифрлық жабдықтары таныстырылды. Қазіргі таңда бұл жүйелер ондаған патрульдік экипаждың жұмысын тиімді алмастырып отыр.

– Курсанттарға жолдардағы адам факторын барынша азайтатын жүйелердің мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, «Кибер-шериф» патрульдік кешені автоматты режимде оқылмайтын мемлекеттік нөмірлерді анықтайды, жылдамдықты арттыруды, қарсы жолаққа шығуды және дұрыс тұрақтамауды тіркейді. Сонымен қатар, жүйе көліктерді іздеуде жүргендер базасы бойынша алыс қашықтықтан бірден тексере алады. Ал Ekin Patrol G2 – жан-жағын толық қамтитын ақылды радар. Ол алдыңғы, жанындағы және артқы бағыттардан құқық бұзушылықтарды тәулік бойы тіркеп, инспектордың қатысуынсыз хаттама рәсімдейді, — деді облыстық ПД жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Ринат Сұлтанов.

Ведомствода атап өткендей, курсанттар үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеу бойынша өткен шеберлік сабағы ерекше қызығушылық тудырды. Бүгінде дрондар жасырын патрульдеудің тиімді құралына айналып, көлік жете алмайтын жерлерде жол ережелерін бұзуды анықтауға мүмкіндік береді.

Экскурсия Оперативтік басқару орталығында аяқталды. Қатысушылар қаланың бейнебақылау жүйесімен танысып, «102» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін көрді. Қосымша арқылы полицияға бейнеқоңырау шалып немесе шұғыл хабарлама жіберуге болады.

– Бүгін құқық қорғау органдары қызметкерлері шын мәнінде әсерлі экскурсия ұйымдастырды. Жастар полиция жұмысының ішкі қыр-сырын көріп, заманауи технологиялармен танысып, офицерлердің күнделікті қандай міндеттерді атқаратынын түсінуі маңызды, – деді әскери-патриоттық клубтың жетекшісі Жоламан Жұмаділов.

Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқық қорғау органдарына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауға ықпал етеді.