Павлодарлық тарихшы: Тұмарды сәбилерге аурудан сақтау үшін берген

Павлодарлық тарихшы: Тұмарды сәбилерге аурудан сақтау үшін берген
Фото: автор

Бұл зергерлік бұйым қалыңдықтар үшін де маңызы кем емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Кеудеге тағылатын әшекейлерінің тағы бір түрі – бойтұмар. 

Әйелдер киіміндегі негізгі сәндік бөліктерінің бірі – кеудеге арналған зергерлік бұйымдар. Олар әрлеу байлығымен, геометриялық айқындылығымен жаппай безендірумен ерекшеленеді. Тұмарша мен бойтұмар да назардан тыс қалмайтын бұйымдарға жатады, – деді облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларының бас сақтаушысы, тарихшы Әлия Жомартова.

Оның сөзінше, мойынға шынжыр арқылы тағылатын тұмарлар күмістен жасалатын. 

– Ежелгі заманнан бері тұмар адамды тіл көзден және аурудан, кез келген қиындықтан қорғаған деп есептелген. Үшбұрышты тұмарша сәби алғаш туған кезінен-ақ тағылатын. Кейін ол зергерлік өнердің ажырамас бір бөлшегіне айналды. Қазақтың тұмары төрт негізгі пішінде ұсынылатын: үшбұрышты, тікбұрышты қолтықша, түтікшелі, күрделі үшбұрышты түтікшелі тәріздес тұмар, – деді Әлия Жомартова.

Ал бойтұмар бұл – үшбұрышты немесе цилиндр тәрізді аспалы, кеудеге шынжырмен ілінетін, ішіне Құран сүрелері жазылған қағаз салынатын тұмарша. Алайда Құранның дұғаларынан бұрын бойтұмардың ішіне сиқырлы қасиетке ие болған теңіз бақалшақ, бүркіт қауырсындары, қой мен түйе жүндері салынған. 

– Бойтұмарды қалыңдықтар үйлену тойға киетін. Үйлену тойынан кейін әйелдер оларды тек үлкен мерекелерде таққан. Бойтұмардың төменгі жағындағы күміс тізбектер міндетті түрде жыланбас тәрізді салпыншақпен бекітілді. Жыланбас салпыншақтары ұрпақ жалғастыру туралы насихаттаған Шығыс мәдениетіндегі ана құдайының белгісі болып саналады, – деді Әлия Жомартова.

Әшекейлердің беті қаралтымдаумен, алтын жалатумен әсем безендірілген. Қазақтың зергерлік өнерінде үшбұрыш әлемгің үш дейгейін (төменгі, орта, жоғары) және әйел затының бастауын білдірген. Түткіше пішін ер адамның бастауын, ал үшбұрышты бірігуі ұрпақ жалғасын, өсіп-өну мағынасында тізбектеліп, тағылды. Бұл жайында «Зергерлік өнер әлемі» деген кітабында жазылған. 

Ал облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде бойтұмардың бірнеше түрлері сақтаулы тұр. Ең көнесі – XIX ғасырда жасалған, ал астаналық зергер Берік Әлібай бойтұмарды күмістен және асыл тастардан заманауи стильде безендірді.