Павлодарлық емші: Келіннің сәлем салғаны – жолдасына ұзақ ғұмыр тілегені
@Pavlodarnews.kz тілшісі қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі – сәлем салу жайлы сұрастырып көрді.
Бұл туралы Ертіс-Баян жұрты «Емші апа» деп атап кеткен, өңірде осы халықтық жолмен емдеу тәсілін еркін меңгерген адамдардың бірі — халық емшісі, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Сапарбекова айтып берді.
Жаңа түскен келін өмірінің жаңа парағы беташарында қайын жұртына сәлем салудан басталады. Келін сәлемді ата-баба салтымен ата-енесіне, қайын жұртына иіліп немесе тізесін бүгіп салады. Ол келіннің жанұядағы қызметі мен әдептілігінің белгісі болып та саналады.
– Келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дәстүр, – деп түсіндірді дәстүрді дәріптеп келген қажы Рымтай Сапарбекова.
Қажы апаның айтуынша, сәлем салу – жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие жатыр. Сәлем салған келінге риза болған үлкендер «Өркенің өссін!», «Бақытты болыңдар!», «Көп жаса!» деп ақ батасын береді. Себебі, оның алдына өмірді жалғастырушы ана, ошақ иесі, отбасын тәбиелейтін жан иіліп сыйластығын білдіреді. Міне, осылайша әр қазақ отбасында адамдардың бір-біріне деген құрметі мен татулығы қалыптасады әрі жалғасады.
Әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дәстүрді қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік пен батыста жақсы сақтап келеді.
Ал өңірімізде көбінде жас келін сәлем салмайды, оңтүстіктен ұзатылып келген келіннің салған сәлемін қабыл алатын үлкендер де көп кездеспейді. Халқымызға тиеселі болған бұл салт-дәстүр ұмытылып бара жатыр ма? Әлде дәстүрге селқостықпен қарайтындар көбейген бе?
– Мен 1972 жылы келін болып түскенімде сәлем салдым. Кейін дінге, халқымыздың салт-дәстүрін ұстануға шектеу қойылған жылдарда орамал тағу, сәлем салу дегенді жоғалтып алғандаймыз, – дейді зейнеткер.
Жас кезінде ұстаздық еткен зейнеткер осы уақытқа дейін қара шаңыраққа кіргенде иіліп сәлем салады. Сәлем салу – келінді төмендету емес. Қайта үлкенге деген сый-құрметінен туған әдептіліктің белгісі деп санайды.
Бұрынғы кездегі келіндердің сәлем салу өз жолдасының ұзақ ғұмыр сүруін тілеудің символы деп саналған.
Тарихшы ғалымдардың айтуынша, бұл дәстүрдің тарихы біздің заманымызға дейінгі екі-үш мыңжылдықтан бастау алған. Сәлем салу дәстүрі өте ерте заманнан бері келе жатыр. Бұл дәстүр тек түркі халықтарына емес, сонымен қатар, Еуропа халықтарына да ортақ. Ұлыбританиядағы, Англиядағы корольдік отбасыларында келіндер әлі күнге дейін сәлем салады. Қазақ келіндері қалай сәлем салса, сол сияқты Англияның корольдік отбасыларындағы келіндер де солай сәлем салады.
Сәлем салудың әр өңірде әртүрлі орындалды. Кейбір өңірлерде бір қолымен тізесін ұстап иілсе, кейбір жерде екі қолын айқастырып, иіледі. Келін сәлем салып тұрғанда өзінің келін, ана, ене екенін сезіп отырады. Себебі, келіннің сәлем салуы – әлі күнге дейін өскелең ұрпақ арасындағы сыйластықты сақтаудың дәнекері.