Павлодарда жастар отандық кино сапасының жаңа дәуірін талқылады

Павлодарда жастар отандық кино сапасының жаңа дәуірін талқылады
Фото: pixabay.com/wernerredlich

Қалада «Тіл. Мәдениет. Білім – жастардың рухани қуаты» атты форумы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда өткен «Тіл. Мәдениет. Білім – жастардың рухани қуаты» атты жастар форумында қатысушылар ұлттық кино индустриясының қазіргі ахуалы мен даму бағытын тілге тиек етті. Форумда жоғары оқу орындарының студенттері, тіл саласының өкілдері және қоғам қайраткерлері қазақ киносының соңғы жылдары айтарлықтай сапалық серпіліс жасағанын атап өтті.

– Бүгінгі күні кинотеатрларда ең жоғары рейтинг жинап отырған үздік фильмдердің басым бөлігі – мемлекеттік тілде түсірілген өнімдер. Бұл – кездейсоқ жетістік емес. Біз 1990–2000 жылдары тіл мен руханият жолында еңбек еткен аға буынның еңбегінің жемісін қазір көріп отырмыз, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы Медет Тауасқан.

Кездесу барысында қатысушылар «руханият бір күнде қалыптаспайды» деген ойды ерекше атап өтті. Қазақ тіліндегі киноға деген сұраныс  қоғамдағы тілдік сананың артып келе жатқанын көрсетеді. Жастардың пікірінше, отандық фильмдер бүгінде тек ойын-сауық емес, ұлттық құндылықтарды жеткізетін, ой салатын маңызды мәдени құралға айналды.

Айта кетейік, соңғы жылдары отандық киноиндустрия қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2020-2025 жылдар арасында ұлттық киноны қолдау орталығы 119-дан астам жобаны іске асырды.

Тіл саласы мамандарының айтуынша, бұлар – жай цифрлар емес: бұл – қазақ тілінде, қазақ түсінігімен жасалған контентке сұраныстың өсіп жатқанын, ұлттық мәдениеттің жанданып жатқанын көрсетеді.

Форумға қатысқан жастардың белсенді талқылауы алдағы жылдары қазақша фильмдердің беделі одан әрі өсетініне үміт арттырады.