Павлодарлық балаларға тіс импланттарын тегін орнату туралы фейк ақпарат расталмады
МӘМС аясында осындай пилоттық жоба жүргізіліп жатқан жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Балаларға импланттар мен брекеттерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен орнататын пилоттық жоба» басталғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. МӘМС жүйесінде тек балаларға жедел және жоспарлы түрде бірқатар стоматологиялық қызметтер, соның ішінде ортодонтиялық көмек қана қарастырылған.
Ақпараттық кеңістікте Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және бірқатар облыстарда 18 жасқа дейінгі балаларға МӘМС аясында брекеттер мен импланттар орнату бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны туралы хабар тараған болатын. Алайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазіргі уақыттамұндай жобаның іске қосылмағанын ресми түрде хабарлайды.
– МӘМС бойынша тегін тіс емдеу көмегіне халықтың белгілі санаттары қол жеткізе алады. Атап айтқанда, балалар жедел және жоспарлы стоматологиялық қызметтерге жүгіне алады. Оларға күрделі тісжегіні, пульпитті және периодонтитті емдеу, тіс түбірін пломбалау, тіс жұлу, абсцессті ашу, пластикалық операциялар, пародонт қалталарын санациялау, сондай-ақ алдын алу шаралары – фиссураларды герметизациялау, реминерализация, миотерапия және басқа да қызметтер кіреді, – деп мәлімдеді қордың облыстық филиал баспасөз қызметінде.
МӘМС жүйесі бойынша сондай-ақ ортодонтиялық көмекті де алуға болады. Ортодонтиялық көмек жақ-бет аумағының туа біткен патологиясы бар балаларға, тіс-жақ аномалиялары бар аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі. Аталған қызмет тізіміне ортодонт кеңесі, туа біткен жақ-бет патологиясы бар балалар үшін ортодонтиялық пластинканы қолдана отырып тіс-жақ аномалияларын түзету, ортодонтиялық коррекция, кешенді бастапқы тексеру, тіс қалыбын алу, сүт және тұрақты тістерді тегістеу, сондай-ақ ортопантомография кіреді.
Туа бітті және жүре пайда болған жақ-бет аймағының деформациялары бар балаларға медициналық көмек стоматолог дәрігердің көрсетілімдерібойынша амбулаториялық жағдайда немесе стоматологиялық және жақ-бет хирургиясы қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдарда бет-жақ хирург-дәрігерітарапынан көрсетіледі. Барлық аталған қызметтер МӘМС аясында ұсынылады.