Павлодардың бірегей мектебінде балалар танкілер мен ұшақтарды өз қолымен жасайды

Павлодардың бірегей мектебінде балалар танкілер мен ұшақтарды өз қолымен жасайды
Фото: Айбек Жұматов

Мектеп директоры Александр Зозуляның айтуынша, мектеп жұмысы каникул кезінде демалуды былай қойғанда, қайта еселей түседі. Балаларының телефон экранына тесіле үңілгенінен шаршаған кейбір ата-аналар ұрпақтарының гаджеттерден сәл де болса ұзағанын қалап, балалар техникалық мектебіне әкеп тастайды.

Мектепте ұшақ, кеме, автомобиль, әскери техника, электроника жасау, дизайн мен сәулет өнері мен робототехника – барлығы 21 үйірме жұмыс істейді. Сабақ тегін өткізіледі. Мектепке шамамен 500 бала келіп оқиды. Сабақ түске дейін және түстен кейін өткізіледі – бәрі жас ұрпақтың күн тәртібіне ыңғайлы етіп жасалған. 

Мысалы, робототехника үйірмесінде алты жастан бастап қабылдайды. Бірақ 16 жастағы балалар да осы жерде техниканың қыр-сырын меңгеріп жүр. Оқытушы Роман Ладин әрбір жас ерекшеліктеріне қарай тапсырмалар беріп отырады. Сабақтың ұзақтығы екі сағат.

Енді бір бөлмеде балалар кезінде ұрыс алаңдарында оқ атқан әскери техниканы өз қолымен жасайды. Тек 1/20 масштабында. Әскери техника үйірмесінің оқытушысы Олег Зозуля топқа енді қосылған балақайларға арнайы тапсырма әзірлеп қойған.

- Балаларды бірінші класстан қабылдаймыз, - дейді ол. – Бала 2-3 сабақта өздігімен модель жасай бастайды. Басында төрт шаблондық модель жасап шығуы тиіс. Ол тапсырманы орындап шыққан бала немістің «Тигрінен» кеңестік КВ-2 танкісіне дейін қалауынша басқа техниканы құрастыра бастайды.

БТМ мақтанышы – авиамодельдеу үйірмесі. Оған 1981 жылдан бері осы спорт түрінен шебер, ҚР ұлттық категориядағы төреші Сергей Соц басшылық етеді. Мұнда балаларды төртінші класстан қабылдайды. Себеп – ұшақ жасап шығу оңай емес.

- Біз қазіргі кезде мектепте ұмыт болған машықтарға баулимыз, - дейді ол. – Қазір мектепте еңбек сабағы жоқ қой, «Технология» деген пән бар. Бірақ балалар онда не бітіретіні мен үшін жұмбақ. Олар бізге келгенде сызғыштың өзін жөндеп ұстай алмайды, басқа сайманды айтпағанда.

Жақында шәкірттері Алматыда өткен Қазақстанның ашық чемпионатында екінші орынға ие болды. Оған қазақстандықтардан өзге, Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейдің шеберлері қатысты. 

- Біз балаларға диплом бермейміз, бірақ бастысы – қолдарын епті қылып, техникалық ой-сана сыйлаймыз. Ол өте қымбат дүние, - дейді мектеп директоры Александр Зозуля.

Сөз соңында Александр Николаевич балалардың бос уақытын үнемі қадағалау керектігін айтып, техникалық жағынан сауатты жастар – кез келген елдің алтын қазынасы екендігін ұмытпау керектігін тағы бір ескертті.