Павлодарлық оқушы Гонконг еліне шақырту алды

Павлодарлық оқушы Гонконг еліне шақырту алды
Фото: НЗМ

Ол фармакологиямен байланысты барлық нәрсеге құмар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Назарбаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше, 12-сынып оқушысы Әділби Сәкенов QS Ranking 65-ші орында тұрған Гонконг политехникалық университетінен (PolyU) шақыру алды.  Бағыты – химиялық технология және биотехнология.

Академиялық көрсеткіштері: SAT — 1490, IELTS — 8.0, GPA-5.0 (10-12-сынып).

– Дәрі-дәрмектің ағзаға әсері және дертті  емдеуге көмектесетіні  сиқыр іспеттес. Әрине, сала туралы көбірек біле отырып, уақыт өте келе бұрын сиқыр деп ойлаған нәрсе қарапайым химия екенін түсінесіз. Бірақ оны қарапайым деп атауға болмайды, өйткені дәрі-дәрмек жасау шынымен күрделі және ұзақ процесс. Әрбірі зерттеуден өтіп, қаралуы  бірнеше жылға дейін созылады. Осы кезең  қаншалықты қиын болып көрінсе де, мақсатым – бүкіл әлемге белгілі болатын дәрі-дәрмек жасауға қатысу, – деді ол.

Жас өрен коронавирус дерті таралған кезде қоғам дәрі-дәрмек жасауға көбірек қызығушылық таныта бастағанын байқаған. Сол кезде ол өзін вирустың құрылымын талдайтын және дәрі жасау жолдарын зерттейтін ғалымның орнына қойған.

– Елге қиын-қыстау сәтте осы вирусқа қарсы көптеген вакциналар пайда болды. Әлі де жасалуда. Биологиялық мақсатты және оған әсер етуі мүмкін затты іздегенде өзімді құдды  детектив сияқты сезіндім, – деп өз ойымен бөлісті Әділби Сәкенов.

Ол оқу процесі кезінде TEDx клубына қатысып, көптеген тақырыптарда ойын ортаға салған. Model United Nations (MUN) клубында Deputy Secretary бола отырып, ұйымдастырушылық дағдыларын дамытқан. Осы уақытқа дейін кітапханада бірнеше сағат отырып, университеттерге эссе жазған.  Оның жоғары оқу орнына түсуіне  NIS мектебі мен достары үлкен рөл атқарған.

– Мен достарыма ризамын, олардың маған көрсеткен қолдауының нәтижесінде жарты жолда ойымнан бас тартпадым. Біздің мектеп – керемет мүмкіндіктер беретін таңғажайып орын. Педагогикалық құрам өте жақсы таңдалған. Маған көмектесіп, білім ошағымыздың маңызды бөлігіне айналған көптеген мұғалімдерді атай аламын. Мектептегі қызыққа толы өткен жылдарым үшін алтын ұяма алғыс білдіремін, – деді Әділби Сәкенов.

Айта кетерлігі, барлық оқу мен тұруды қамтитын грант алу үшін ҰБТ-ден 138/140 ұпай жинау керек. Грант – 210,000  $HK.