Павлодарда желілердің тозуы 85 пайызды құрайды
Қазіргі таңда барлық 277 әлеуметтік нысан, 1300 көпқабатты тұрғын үй және 4904 жеке тұрғын үй үздіксіз жылумен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылдың өткен кезеңінде қаладағы ыстық жылу желілерінде 800-ге жуық зақым анықталып, олардың барлығы жедел жөнделді. Бұл туралы Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Темір Қасқабаев айтты.
– Желілерде 800 зақым таптық, өткені желілердің ауқымды бөлігі тозған. Сондай-ақ, зақымдану желілерде, жер астыда, жылу камераларында, жұмыс кезінде, іске қосу кезінде, яғни әр жағдайда болуы мүмкін. Құбырлардың пайдаланылуы және зақымдалуы – бұл қалыпты жағдай, – деп атап өтті спикер.
Бүгінде желілердің тозуы 85 пайыздан асады. Биылғы жылы «Павлодар жылу желілері» ЖШС 1,8 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы ұзындығы 1,07 шақырымды құрайтын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жөндеу кезінде жаңа материал қолданылды, бұл өз кезегінде апат деңгейін төмендетеді.
– Жылу желілерін одан әрі қайта жөндеуді бастамайынша, тозу азаймайды. Жалпы ұзындығы 5,9 шақырымды құрайтын, өткен жылғыдай кварталішік желілерді ауыстыру бойынша келісім 2025 жылға жоспарланып, жасалды, – деді Темір Қасқабаев.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы да өткен жылғыдай жөндеу жұмыстарына, жақсартуға және гидравликалық сынақтардан кейінгі залалдарды жоюға 624 млн теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.