Павлодарлық тігінші әр рудың кимешегін зерттеп тігеді

Павлодарлық тігінші әр рудың кимешегін зерттеп тігеді

Хас шебер «қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады» дейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Гүлайым Акумбаева –«Қазақ аналары – дәстүрге жол» атты республикалық бірлестіктің облысымыздағы жетекшісі, «Ұлттық бас киімдердің ғұмырнамасы» топтамасының авторы. Сонымен қатар, «Кестелі кимешек», «Ұлттық киім – ұлт ажары» республикалық және «Әсем киім – әйел ажары» облыстық сән байқауы секілді бірнеше байқаудың жүлдегері. Әрі «Қазақ аналары – дәстүрге жол» төсбелгі иегері, Павлодар қаласының 35 білім ошағындағы «Әжелер әлемі» клубының төрайымы.

–   Қолөнер – Алланың берген нығметі. Анам кілем тоқитын, сырмақ жасайтын, ұлттық киімдерді де тігетін. Әкем де шебер болған, ағаштан домбыра жасайтын, қазақи нақыштағы үстел, жануарлардың мүсіндерін, былғарыдан қамшы өретін, темірден пышақ, тағы басқа бұйымдар жасайтын. Ата-анам екеуі де «он саусағынан өнер тамған» қолөнер шеберлері болған, – деп қолөнерші бұл өнер ата-анасынан дарыған қасиет екенін айтады.

Бала кезінен бәрін көріп, киім тігу мен қоса басқа да бұйымдарды жасап үйренген тігінші халқымыздың киімдерінің тігілу үлгісінде терең ой жатқандығын айтады. Әрі сол салт-дәстүрдің шығу тегін зерттеп тігуге тырысады.

–   Қазақ бас киімді құрметтеп, аяқ астында қалмайтын жерге қойған. Бас киімді басындағы бағы таймасын деп ешкімге сыйламаған. Сәби өмірге келген кезден бастап ит тақия киеді, қыздарына сырға тағады, үкілі тақия, сораба, төбетай, қарқара, бойжеткен соң бөрік кисе, ұзатылған қыз сәукеле киген. Ата-бабаларымыз сәукелені жоғары бағалап, құнды санаған, – дейді ол.

Гүлайым Акумбаеваның сөзінше, халқымыз сәукеленің құнын жоғары бағалаған. Оның дәлелі XIX ғасырдың алғашқы жартысында кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда болған оқиғаны мысалға келтіруге болады. Сонда Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды», – депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: «Бұл сәукеленің бағасы 500 байтал болады екен, сондықтан қызының қалың малы 500 жылқы болсын», – деп кескен деседі. Бұл қазақ халқының ұлттық киімге деген биік талғамының да бір көрсеткіші болып саналады.

Бойжеткен қыз босаға аттап келін болып орамал тақса, ана атанған соң кимешек киетін болған. Кимешектің өзін жай кигізе салмай, арнайы кимешек кигізу рәсімін жасап, ауылдағы әже-апаларды шақырып, келіннің орамалын шешкізіп, кимешек кигізген.

–   Жас келіншек ойықтың шеті қызыл кимешек кисе, орта жастағы әйелдердің кимешегінің шеті сары болған. Ал ақ кимешекті әжелер киген. Ұзындығына қарай арқа жабар, бел жабар, қылта шалғай, өкше қағар деп төртке бөлінген, – деп тігінші тарих беттерінен ізденіп, білген үлгілерімен бөлісті.

Бес саусағынан өнер тамған шебер 19 ғасырдың түп нұсқасы бойынша ұлы жүз дулат руы, албан руы, найман руы және беріш руының кимешегін тігіп шыққан. Мысалы, қызай руының кимешегіне төрт жапырақты гүлді төрт қыбылаң түгел болсын деген мақсатта, ал наның көп болсын деген оймен бидайға келтіріп гүл тіксе, қарға тұяқты ғұмырлы болсын деп ұзақ өмір тілеп тіккен.

Хас шебер тек тігінші ғана емес, бірталай көрменің ұйымдастырушысы болып жұмыс істеп, ұлттық киімнің көпке көрініп, дамуына үлес қосып келеді. Еліміздің астанасында өткен V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары барысында өткен республикалық «Зымыран» форумына қатысып, әр рудың киген бас киімдерінің көрініс-дефилесін өткізген.

Ағымдағы жылдың қазан айының 13 күні Астанада республикалық деңгейде өткен «Отбасылық құндылықтар» іс-шараларына қатысып, өзінің зерттеуі бойынша үш ғасырлық кимешектің тарихын көпшіліктің көзайымына ұсынды.

Естеріңізге сала кетсек, «Үкілі тақиям, киелі кимешегім» ұлттық бас киімдердің көрме-дефилесінде тігінші тіккен 38 үлгідегі ұлттық бас киім үлгісін көрсеткен болатын.